
Делиден Ченнайға бағыт алған IndiGo әуе компаниясының ұшағы борттағы салонда өрт шыққаннан кейін бағытын шұғыл өзгертіп, Хайдарабад қаласына қонуға мәжбүр болды.
Оқиға 11 қазанда 6E 6115 рейсінде болғанын The New Indian Express басылымы хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, жолаушылар орындықтарының үстіндегі багаж сөресінде пауэрбанк тұтанған. Жолаушылар түтінді байқап, экипажға хабарлаған.
Бортсеріктер өртті жедел түрде оқшаулаған. Осыдан кейін ұшқыштар қауіпсіздік талаптарына сәйкес ұшақты Хайдарабадтағы Раджив Ганди атындағы халықаралық әуежайға бағыттау туралы шешім қабылдады. Әуе кемесі әуежайға сәтті қонды.
Үндістандық БАҚ-тың мәліметінше, бортта 180-нен астам адам болған. Жолаушылар мен экипаж мүшелерінің ешқайсысы зардап шеккен жоқ.
IndiGo компаниясы ресми мәлімет бойынша, жолаушылардың біріне тиесілі жеке электрондық құрылғыдан түтін шыққанын нақтылады. Құрылғының түрі мен оқиғаның нақты себебі анықталып жатыр.
Жолаушыларды Ченнайға жеткізу үшін басқа ұшақ ұйымдастырылды. Әуе компаниясы туындаған қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады.
Литий-ионды аккумуляторлардың қызып кету қаупіне байланысты пауэрбанктерді тіркелетін багажда тасымалдауға тыйым салынған. Оларды тек қол жүгінде алып жүруге рұқсат етіледі.
В Атырау +11.7