Украинаның Харьков қаласында «ART-Bomb international»VII халықаралық би фестивалі өтті. Фестивальдің конкурс-тық бөліміне Украинадан, Ресейден, Белоруссиядан, Молдовадан, Грузия мен Қазақстаннан 150-дей ұжым қатысты.
Бұл конкурста Қазақстан намысын Екатерина АСТАХОВА мен Фархат ДОТАЛИЕВТІҢ жетекшілік етуімен атыраулық «Step move» заманауи би студиясы қорғады. Екатеринаның айтуынша, студияның ашылғанына небары үшінші жыл болған, алайда ол өз көрерменін тауып үлгеріпті. Өнерпаздар драма театрында өз ұжымдарының жеке концертін екі мәрте ұйымдастырған. Енді, міне, беделді фестивальде бірінші рет өнер көрсетіп отыр.
Біздің қатысушыларымыз 50 би номинациясының төртеуіне (джаз-модерн, еркін стильдегі би номинациясы, street dance show және жеке қойылым) қатысты. Студия 6 би композициясын ұсынған. Нәтижесінде 4 композиция фестивальдің алтын жүлдегері және екеуі күміс жүлдегері атанды.
- Қазылар алқасы біздің еліміздің командасын керемет актерлік ойыны бар және орындау техникасы жоғары, өзіндік ерекшелігімен көзге түскен ұжымдардың бірі деп атап өткен. Қазылар Қазақстанның модерн-джаз номинациясына алғаш рет қатысып отырғандығына сүйсіне таңданыс білдірген. Бұған дейін қазақстандықтар осындай фестивальдерде негізінен көше билері түріне қатысқан, - дейді Фархат.
Ұжым алғашқы орындар үшін сыйлықтармен, дипломдармен және мүсіншелермен марапатталды. Алайда олар үшін ерекше жандармен тілдесу, кәсіпқой қазылар алқасымен танысу, қуаныш сезіміне бөлену бәрінен де үлкен марапат болды. «Әрі қарай да жұмыстана береміз!» - дейді бишілер.
Анастасия ПАСТУХОВА