12 қарашада «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында тағайындалғанына 5 ай болған Индер ауданының әкімі Серік АРЫСТАННЫҢ (суретте) қатысуымен өткен брифингке негізінен индерлік журналистер келді.
Қысқа дайындық қалай деген алғашқы сауалға С. Арыстан аудан орталығында 67 көпқатарлы үй бар, жылу орталықтарында тұрғындардың төлем төлемеуінен жыл сайын 6-дан 9 миллионға дейін қарыз жиналып қалады деп жауап берді. Сондықтан да осы 4-5 қатарлы үйлерді жеке қазандықтармен жабдықтауға шешім шығарылды. Монтаждау жұмыстарын Саратов мамандары жүргізді. Алайда жергілікті газшылар олардың жұмысын қабылдамады. Қалай болғанда да, бірер күнде Қонаев көшесіндегі №20 және 21 үйлердің жеке қазандықтары іске қосылады. Кері қосу аз қамтылған отбасылар үшін қайтарымсыз - тегін, ал басқа жанұяларға ақылы түрде жүзеге асырылады. Қалған 12 үй жылуды жылу орталықтарынан алады және 2014 жылы шағын қазандықтармен жабдықталатын болады.
2011 жылы «СнабОйлСтрой» компаниясы 11 млрд теңгеге ауданның 8 ауылында су тазалау құрылғысын саламыз деп міндеттеме алған. Алайда, бұл жұмыстар аяқталған жоқ. Енді аяқталмаған нысандар тоналуы мүмкін, сондықтан да аудандық әкімдік нысандарды өз балансына алып, бюджет қаржысына құрылысты аяқтау үшін сотқа материалдар дайындап жатыр.
2010 жылы 4,1 млрд теңгеге салынған Bias Tech құрылыс материалдары зауытының болашағы туралы сұраққа С. Арыстан: «зауыт сұраныстың жоқтығына байланысты өз қуатының тек үштен бірімен ғана жұмыс жасап жатыр», - деп жауап берді.
Жеке құрылыс үшін Аққала селосы маңынан жер алу кезегі туралы әкім былай деді: - Қазір жер телімін алу кезегінде 2 мыңнан аса адам тұр. Жер учаскелері коммуникациямен қамтамасыз етілмейінше, жер беру тоқтатылды. Аққала селосының маңынан 600 гектарға қалашық салынбақ. Бұл жерден бірнеше мың индерлік жер телімін алмақ.
Кетебай ауылын газдандыру туралы сұраққа әкім аудан орталығынан 40 шақырым жерде орналасқан елді мекенде небары 15 түтін бар. Бұл - аудандағы көгілдір отыны жоқ соңғы ауыл. 2014-2015 жылдарда ол міндетті түрде газдандырылады, деп жауап берді.
Ауданда өткен жылмен салыс-тырғанда қылмыс 88,4%-ға артқан, басым көпшілігі – мал ұрлау. Жақында Елтай селосыныңтөрт тұрғынының 20 сиырын бір түнде ұрлап кеткен. АІІБ әзірге барымташылардың ізіне түскен жоқ деп хабарлады әкім. Бұл істі облыстық ІІД өз қадағалауына алды.
Ауданда дәрігерлер мен пән мұғалімдері жетіспейді. Математикадан, физикадан және химиядан сабақ беретін адам жоқ. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Атырау, Ақтөбе және Орал қалаларына барып, жас мамандарды ауылға келуге үгіттеуде. Дәрігерлердің жетіспеуі де осындай жағдайда. Аудан мектептерінің 45 шәкірті қазір еліміздің медициналық жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Аудандық әкімдік оларға пәтер мен жеңілдіктер ұсынып, ауылға тартпақшы.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ