8 қарашада қалалық мәслихаттың сессиясында аз қамтылған отбасыларға тұрғын жай мен коммуналдық қызметтерді төлеуге тұрғын үй жәрдемақысын белгілеу ережелеріндегі өзгерістер бекітілді.
Тұрғын үйді қамтамасыз ету төлемдеріне кететін рұқсат етілген шығындардың шектік бағаны отбасының жиынтық кірісінің 6%-нан 5%-ға дейін төмендетілді. Сонымен қатар, тұрғын үй жәрдемақысына кіретін коммуналдық қызметтер тізіміне домофон мен жеделсаты қосылды.
Мысалдар да келтірілді: терможаңғырту жүргізілген үйде, ауданы 44,7 шаршы метр екі бөлмелі пәтерде тұратын, 41 мың теңге мөлшерінде зейнетақы алатын зейнеткер терможаңғырту үшін 2 087,33 теңге және коммуналдық қызметтерді төлеу үшін 4 829 теңге тұрғын үй жәрдемақысын алады. Бұрынғы ережелермен салыстырғанда, айырмашылық - 414 теңге. Депутаттар мұны едәуір өсу деп тапты.
Тұрғын үй жәрдемақысы жалғыз тұратын зейнеткерлерге, аз қамтылған отбасыларға, жұмысқа қабілетсіз І, ІІ және ІІІ топтағы мүгедектерге, мүгедектерді күтіп-бағатын тұлғаларға, еңбекпен қамту орталығында есепте тұрған жұмыссыздарға, 7 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеп отырған аналарға беріледі. Қалалық әкімдіктің деректері бойынша, бүгінде Атырауда 287 отбасы коммуналдық қызметтерді төлеу жәрдемақысын алса, 36 отбасы терможаңғырту үшін көмек алып отыр.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ