Атырау, 22 қараша 20:45
 ашықВ Атырау +2
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Динара Бақтыбаева: «Гонорарымды анама бердім»

6 348 просмотра

Динара Бақтыбаева. Фотосурет жеке мұрағатынан.Динара Бақтыбаева. Фотосурет жеке мұрағатынан.Романтикалық «Сен және Мен» комедиясы прокатқа шыққаннан кейін Алматыдағы жоғарғы оқу орнының студенті Динара БАҚТЫБАЕВА танымал боп оянды. Оны көшеде танып қалып, қолтаңба сұрайды, кастингтерге шақырады. Бюджеті 300 мың доллар болатын картина прокаттың бірінші аптасында-ақ өзін өтеген болатын.

Басты рөлде ойнаған бойжеткеннің Атыраудан екенін біреу білсе, біреу білмейді. Болашақ байланысшы-инженер Алматы энергетика және байланыс университетінде грант бойынша оқып жүр. Ол өзінің еркетотай кейіпкеріне мүлдем ұқсамайды екен, бірақ оны іш пыстыратын жан деп те айта алмайсың. Ол juzz funk стилінде билеп, фотосурет ісімен шұғылданады.

 

«КЕЙІПКЕРІМЕ МҮЛДЕМ ҰҚСАМАЙМЫН»

– Динара, өзіңіз туралы айтып өтсеңіз.

–Жаңаөзенде дүниеге келдім. Мен дүниеге келгеннен кейін біраз жылдан соң Атырауға көшіп келдік. Бүкіл туыстарым мен жақындарым осы жерде тұрады. Ағаларымның арасында өскендіктен бе, бала кезімнен өзімді ер баладай сезінетінмін. Тіпті шашым қалың боп өссін деп, шашымды да шолтитып қиып тастайтын. Ауладағы ұл балалармен төбелесіп жүретінім. Олармен футбол ойнап, доп қуатыным есімде. Ал содан кейін мектеп өмірі басталды, белдемше, фартук киіп, бантик таққаннан кейін өзімнің қыз екенімді сезіндім. №30 мектеп-гимназияда білім алдым. Мектеп жылдарын жылылықпен және махаббатпен еске аламын.

Бірақ бастапқыда өте ұялшақ, жасық болдым. Бәлкім орысша сөйлеместен орыс сыныбына топ ете түскендіктен болар. Рок тыңдап, өз әлеміме кетіп қалатынмын, аздап өзгешелеу болдым. Бірақ сегізінші сыныпта өзіме бұрын беймәлім болған қабілеттерім ашыла бастады. Біз би билеп, ән айттық, мерекелер ұйымдастырып, шағын қойылымдар қоя бастадық. Сондай көңілді, қызықты болатын. Шамасы, сол кезде әрі қарай дамытуға болатын қырларымды байқаған шығармын. 2011 жылы ресейлік кәсіпқой Михаил ЧЕКМЕЗОВТЫҢ жергілікті фотографтарға арналған шеберлік дәрісінен өттім. Михаил мені әлеуметтік желі арқылы тауып, осы шеберлік сыныбына мені модель ретінде шақырды. Мен қатты қуандым, өйткені сол кезде өзім фотосуретке түсіруге әуестеніп жүрген едім. Шеберлік дәрісі дәл ҰБТ тапсырар алдындағы уақытқа белгіленді. Көп ойланып жатпай, келісімімді бердім. Маған ақыл-есінен адасқан деп қарағандар болды. Бірақ бүған өз өмірімдегі ең маңызды күннің алдында көңілім жайланып, босаңситын мүмкіндік ретінде қарадым. Бұл студиядағы шығармашыл 10 көзқарастың назарына ілінетін камера алдындағы алғашқы тәжірибем болатын. Өзімді жақсы сезініп, мұның маған ұнайтынын түсіндім. Тек ұнап қана қоймай, шабыттандыратын. Айтпақшы, сол күніАлександр ШИРОКОВ түсірген фотосуреттер сіздің газеттеріңіздің фотобәйгесіне қатысқан еді.

– «Сен және Мен» фильміндегі өз жұмысыңыз туралы пікіріңіз қандай? Кейіпкеріңіздің мінез-құлқын жеткізе алдыңыз ба, ол сіздің болмысыңызға жақын ба?

– Өмірде мен өте сабырлы, ақжарқын адаммын. Бірақ қиын сәттерде менің адайлық мінезім бой көрсетіп қалады. Кей кездері өзім де таң қаламын. Кейіпкеріміз екеуміз мүлдем ұқсамаймыз. Ол болжап болмайтын, тосын әрекеттер жасайтын қыз. Біздің тек қазіргі уақытқа тән емес аңғалдығымыз ғана ұсқайды. Бірақ бұл жасымызға байланысты шығар. Фильмнің өзі бастапқыда Кореяда түсірілген «Дрянная девчонка» комедиясының ремейкі секілді құрылды. Алайда сценариймен жұмыс істеу кезінде өзіміздің қазақылыққа тән етіп өңделді. Фильм «Дрянная девчонка» фильміне мүлдем ұқсамай қалды. Айтпақшы, дыбысты біз Кореяда жаздырған едік. Кореялық дыбыс режиссерлары біздің фильмімізді түпнұсқаға қарағанда жақсы түсірілген деген өз пікірлерін білдірді.

Мен өзіме сын көзбен қарайтын жанмын. Сондықтан өз жұмысыма толықтай риза боламын деп айта алмаймын. Әрине, әлі де жасайтын тұстар көп, көпшілігін қайтадан түсірсе ғой деймін, бірақ ештеңені өзгерте алмайсың. Ал жалпы ризамын, бұл тек басы ғана ғой.

 

Түсірілім сәті. Д. Бақтыбаеваның жеке мұрағатынан. Түсірілім сәті. Д. Бақтыбаеваның жеке мұрағатынан. «ҚАРЫНДАС, КИНОҒА ТҮСКІҢІЗ КЕЛЕ МЕ?»

– Сіздің болашақ мамандығыңызды таңдауыңызға не себеп болды? Енді актерлық қызмет туралы ойламайсыз ба?

– Үйде мені ешқашан қаламайтын нәрсемді жасауға мәжбүрлеген емес. Бала кезімнен тәуелсіз болдым, кішкентайымнан тамақ әзірлеуді үйрендім, екінші сыныптан бастап автобустарға мініп жүрдім. Бірақ таңдау келген кезде, абдырап қалдым. Гуманитарлық па, әлде техникалық салаға бейіммін бе, айқындай алмадым. Техникалық мамандық ешқашан кедергі болмайды деген ойға келдім. Байланыс саласын таңдап, АЭБУ-ға оқуға түстім. Ол осы саладағы үздік оқу орны. Актерлік қызмет туралы ешқашан шындап ойланған емеспін. Бірақ тағдыр жазса, болатын нәрсе болады. Сөйтіп, бұл да орындалды. Ал әрі қарай менің өзім таңдауым керек. Қазіргі кезеңде өзімнің көптен күткен дипломымды алып, осы екі саланы қатар алып жүргім келеді.

Сіз кастингке қалай келдіңіз?

– Кастинг туралы Астанада ілініп тұрған плакаттардың арқасында білдім. Бірақ сол кезде барып, бағымды сынап көрейін деген ойым да болған жоқ. Бірде жапон мәдениетінің көрмесінде маған Арман есімді бір жігіт келіп: «Біз фильм түсірмекшіміз, сіздің сыртқы келбетіңіз бізге жақсы келіп тұр, кастингке келіңіз» деді. Мен оның мұнысына шүбәланып қалдым. Бірақ оның визиткасынан фильмнің атауы мен плакаттардағы сол дизайнды көргенде, көңілім орнына түсті. Жанымдағы достарым да қатыс деп, шабыттандыра бастады. Содан соң баруды ұйғардым. Бұл менің алғашқы кастингім болатын. Қатты толқыдым. Бірақ кеңсеге келгеннен кейін, ақжарқын, күлімсіреген жандарды көрген соң, өзімді еркін сезіндім. Бүкіл тапсырманы оңай орындап шықтым. Кастинг бір айға созылды. Бізден тек фильмнің негізгі сәттерін ғана ойнауды өтінді. Өз жанынан қосып, суырып салып айтатын тұстар да болды, бізден алуан түрлі хикаяларды әңгімелеуді өтінді. Нәтижесінде қоңырау шалып, мені таңдағандықтарын хабарлады. Қуанышымда шек болмады, бірақ ол бірер минутқа ғана созылды. Содан кейін мұның бәрі жауапты, салмақты нәрсе екенін ойлана бастадым. Қанша дегенмен, сенің жұмысыңды бүкіл ел көреді ғой. Сол кезде ғана бойымды қорқыныш, толқу, үрей билеп алды, бірақ керемет, беймәлім нәрсеге деген үміт сезімі де болды.

– Фильмдегі серігіңізбен және басқа актерлармен, режиссерлармен қалай жұмыс істедіңіз?

– Фильмге Жандос екеумізді қазақстандық кино және театр актрисасы Ольга ЛАНДИНА дайындады. Біз бүкіл сценарийді бүге-шүгесіне дейін талқылап, тіпті өзіміз үшін басты кейіпкер қандай музыканы сүйеді, кейіпкер қыздың сүйікті цитатасы қандай, олар бала кезінде қандай болғаны туралы да айқындап алдық. Одан шыққан нәтиже мынадай: камера алдына тұрған бойда Жандос екеуміз бір-бірімізге ғашық кейіпке түсе қалатынбыз. Бұл Ольга Ландинаның еңбегі. Түсірілім 25 күнге созылды. Маған жақсы түсіру тобы жолыққан шығар. Біздің тобымыз өз ісінің үздік кәсіпқой жастарынан тұрды. Бәрі де түсірілім бойына кеңпейіл, көңілді жүрді. Бұл менің өзімнің қабілетімді көрсете білуіме жақсы көмектесті. Түсірілім алаңында осындай атмосфера болуы тиіс деп ойлаймын. Бірде өте қымбат тұратын Nissan GTR көлігін (оның құны шамамен фильм бюджетінің жартысына тең – С. Т.) бүлдіріп алдым. Сол кезде олар ең алдымен менің өзіме бірдеңе болып қалған жоқ па деп маған жүгіріп келді. Кейінірек біз бұл сәтті түсірілім кезіндегі күлкілі жағдайлар тізіміне жазып қойдық. Алаңда түсінбеушілік деген мүлдем болған жоқ. Біздің режиссеріміз Сәкен ЖОЛДАС мейірімді, сабырлы жан. Егер бір нәрсе үйлеспей жаста, ақырындап келіп, түзететін. Ал түсірілім алдында, кинодан жиі көретініміздей, маған да ренішті түрмен айқайлар-ау деп қалай қорықтым десеңізші. Осындай режиссер бұйырып, жолым болыпты. Мен үшін қатты толқыған күнім бірінші күн еді. Сол күні («Тоғысқан тағдырлар» сериалынан таныс –С.Т.)актерлар Жанна ҚУАНЫШЕВА менБақытжан ӘЛПЕЙІСОВТЕРМЕН көрініс ойнап, жылауым керек болды. Өзімнің экрандағы әке-шешемнің көңілінен шықпай қалармын деп қорықтым. Бірақ олардың өз істерінің шеберлері екені сезіліп тұрды. Ойын кезінде шынымен де өзімді солардың қызы ретінде сезіндім, сондықтан да жылау оңайға соқты.

 

«ТАНЫМАЛДЫЛЫҚ ЕЛІКТІРЕДІ ДЕ, АБЫРЖЫТАДЫ ДА»

– Түсірілім кезінде үздік студент деген деңгейді қалай ұстап қалдыңыз?

– Грантты мен жақында ғана алдым. Түсірілімнің оқуға еш әсері болған жоқ. Өйткені маусым айында, каникул кезінде түскен едік. Мектепте де жақсы оқыдым. Үздік деген мәртебеге тек 10-11 сыныптарда ғана қол жеткіздім. Менің осылай үнемі ұзақ бапталатын әдетім. 

– Фильм жарыққа шыққаннан кейін сіздің өміріңіз қаншалықты өзгерді?

– Өмірім түбегейлі өзгеріп кетті дей алмаймын. Рас, өз басыма деген ықылас еліктіреді де, қысылтады да. Көшеден танып қалып, бірге фотоға түсуді өтінеді. Кастингтерге шақырады, бірақ оған уақытым жоқ, сабағым қиындап кетті. Ал бірнеше жарнама роликтеріне түстім.

– Сіздің киноға түсетініңізді білгенде туыстарыңыз қандай күйде болды?

- Әжем қатты уайымдады, көлеңкелі тұстарын таппақ болып,  күмәнмен қарады. Бірақ менің «анамды» Жанна Қуанышева, ал «әкемді» Бақытжан Әлпейісов ойнайтынын айтқанымда, ол көңілі жайланып, тіпті кеңес бере бастады. Премьерде туыстарымның болмағаны өкінішті. Бірақ фильмді Атырауда көрсете бастағанда, мені экраннан көру үшін тіпті Индерден тәтейім де келді.

Оқудан бос уақытыңызда немен айналысасыз?

Juzz funk стиліндегі биге барамын. Бұл әйелдердің пластикасы мен ерлердің қатаңдығы араласқан би. Өте қызық әрі әдемі би. Көп оқимын – үйдегі бүкіл кітапты оқып тауыстым. Болашақта осы әлемге жақсы үлесімді қосқым келеді. Бірақ ол үшін өзіңнің сүйікті ісіңді табу керек қой. Таңдау көп, байқап көремін, таяу уақытта өз жолымды айқындаймын деп ойлаймын.

– Динара, егер құпия болмаса, өзіңіздің актерлық гонорарыңызды қайда жұмсауды жоспарлап отырсыз?

– Ақшаны анама бердім, оны қайда жұмсайтынын өзі шешті.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

11 қараша 2013, 18:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.