
17 қыркүйек күні энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров жергілікті тұрғындармен кездесті. Мұнайлы өлке жұртшылығы мен орталық билік өкілі арасындағы диалог ашық әрі қызу айтысқа ұласты.
Жиында сұйытылған газ тапшылығы, жарық тарифінің қымбаттауы, тозығы жеткен электр желілері мен жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттемелері қатар көтерілді.
«Мұнайлы өлкенің газы қайда кетіп жатыр?»
Кездесуде сұйытылған газ тапшылығы мен жанар-жағармай бекеттерінің қауіпсіздігі мәселесі қатарынан көтерілді. Белсенді Ғазиз Ғабдуллин өңірдегі бекеттерде сұйытылған газдың әділетсіз бөлініп отырғанын сынап, мәселені төтесінен қойды:
«Атыраудың шыға берісінде - Доссорға қарай, Исатайға қарай екі сұйытылған газ бекетінде отын 24 сағат бойы үнемі болады. Ал аудандарда неге жоқ? Неге бірдей бермейсіздер? Біреуі талапқа сай, ал аудандардағы талапқа сай емес пе? Газ бағасының қымбаттауы қайдан шығады? Осындайдан шығады!»
Бұған жауап берген вице-министр заңбұзушылық бойынша нақты фактілер ұсынылса, тексеріс жүргізуге дайын екенін жеткізді:
«Бізде кәсіпкерлік кодексі бар. Сондықтан мемлекет жер қойнауын пайдаланушының адалдығына сенеді. Кез келген сұрақ назардан тыс қалмайды, бірақ сұйытылған газ мәселесі бір күнде шешілмейді. Атырауда және Жаңаөзенде жаңа зауыттар салынып жатыр, өндіріс көлемін кезең-кезеңімен арттырамыз».
Сонымен қатар, экологиялық қауіпсіздік мәселесін көтерген тұрғындар қала ішіндегі жанармай құю бекеттерінің 90 пайызында санитарлық-қорғау аймағы (СЗЗ) сақталмағанын айтып, олардың «инвестор» мәртебесін сылтауратып тексеруден жалтарып отырғанына наразылық білдірді. Қауіпсіздік туралы айтып, Құлсарыдағы бекетте болған жарылысты мысалға келтірді.
Аукцион, құпия контракт және қазақстандық үлес
Өңірдегі мұнай кеніштерінің байлығы мен одан жергілікті халыққа тиетін пайдасы жайы да талқыланды. Ерлан Ақбаров биыл ел бойынша 100-ден астам учаске аукционға шығарылатынын, оның тең жартысына жуығы Атырау өңіріне тиесілі екенін мәлімдеді.
Қоғамдық кеңес мүшесі Ерлан Күмісқалиев инвесторлардың жергілікті қауымдастық алдындағы уәделері мен құжаттарының ашықтығын сұрады:
«Аукционға қатысып жеңімпаз атанған компания "мектеп саламын, аурухана саламын немесе миллиондаған қаржы бөлемін" деп уәде береді. Соны кім бақылайды? Жеңімпаз компаниялардың келісімшарттарын, құжаттарын халыққа ашық жариялай аласыздар ма? Әлде ол біреудің қалтасына кетіп жатыр ма?»
Вице-министр барлау кезеңінде мұндай әлеуметтік төлемдер қаралмайтынын, алайда өндіру сатысында пайдаланушылар шығынының 1 пайызы өңірді дамытуға бағытталатынын түсіндірді.
Оның айтуынша, бақылау қатаң: еліміз бойынша 324 жер қойнауын пайдаланушының 184-іне міндеттемелердің толық орындалмауына байланысты тиісті ескерту жіберілген. Қазақстандық үлеске қатысты ірі операторлар (ТШО, NCOC, ҚПО) бойынша 2030 жылға қарай тауарлардағы жергілікті үлесті 30%-ға жеткізу бағдарламасы бар екені айтылды (қазіргі таңда бұл көрсеткіш — 15%). Ал қалған жер қойнауын пайдаланушылар үшін келісімшарттық міндеттеме тауарлар бойынша 30%-ды, жұмыстар мен қызметтер бойынша кемінде 80%-ды құрайды.
«Ортадағы делдал кім?»: Тариф дауы мен электр жарығының сөнуі
Жиындағы ең ауыр әрі ұзақ талқыланған тақырып - электр энергиясы мен газдың қымбаттауы болды. Қоғамдық кеңес өкілдері ТШО-дан Атырау ЖЭО-ға (АТЭЦ) арзан бағамен беріліп келген газдың ортасына «ҚазТрансГаз Аймақ» пен «QazaqGaz» ұлттық компаниясының кірігуін өткір сынға алды:
«АТЭЦ газды өзіне жақпайды, халыққа жарық пен жылу беру үшін өңдейді. ТШО газды бұрынғы арзан бағамен беруге дайын, АТЭЦ алуға дайын. Ортаға делдал ретінде "QazaqGaz-ды" кіргізіп, бағаны неге шарықтатасыздар? Ортадағы айырмашылықты тағы да халықтың қалтасынан өндіресіздер ме?»
Бұған жауап ретінде Атырау ЖЭО басшылығы былтырғы келіссөздер нәтижесінде үкімет хаттамасымен мекеме үшін 16 842 теңге көлеміндегі арнайы тариф бекітілгенін, бұл жалпы республикалық 41 000 теңгеден әлдеқайда төмен екенін алға тартты. «ҚазТрансГаз Аймақ» өкілі де халыққа арналған төмен бағаны кәсіпкерлер есебінен субсидиялап, шығынды өтеп отырғандарын жеткізді.
Алайда бұл түсініктеме кәсіпкерлер мен тұрғындардың ашуын баса қойған жоқ. Залдан сөз алған кәсіпкерлер өкілі нақты деректерді келтірді:
«Шағын бизнеске арналған жарық тарифі қатты қымбаттады. Тек 7 ай ішінде 109 бірыңғай байланыс нөміріне электрмен жабдықтау мәселесі бойынша 40 мыңнан астам шағым түскен! Күніне қаланың кемінде 30 нүктесінде жарық сөнеді. Тұтас көшелер, ондаған тұрғын үй кешендері қараңғыда қалады. Егер тарифке инвестициялық шығындар енгізіліп, жаңғырту жүріп жатса, бұл апаттық сөнулер неге тоқтамайды?»
«Атырау Жарық» басшылығы өз кезегінде теңгеріміндегі 77 қосалқы станцияның 22-сі толық жаңғыртылғанын, бірақ өңірдегі желілердің әбден ескіргенін, жүктеменің артқанын және авариялардың көбі жүйелік автоматты ажыратқыштардың (KEGOC желілері) іске қосылуынан болып жатқанын айтып ақталды.

Тұрғындар аманаты
Кездесу соңында белсенді Арман Жайықбаев бастаған қатысушылар монополистердің қызметіне қатаң бақылау орнатып, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеруді талап етті:
«Біз ешкімнен алтын сарай салып бер деп сұрап отырған жоқпыз. Таза ауа, су, жарық және қолжетімді баға ғана керек. Мұнайлы өлкеде туып, байлықтың үстінде отырып осы қарапайым нәрселерді талап етуге халық толық құқылы!»
Вице-министр Ерлан Ақбаров тарифтерді бекіту тікелей энергетика министрлігінің емес, ұлттық экономика министрлігі мен табиғи монополияларды реттеу комитетінің құзырында екенін еске салып, жиында көтерілген түйткілді сұрақтар бойынша хаттама толтырылып, тұрғындарға жазбаша жауап берілетінін айтты. Тұрғындар болса, бұл мәселелердің олар үшін маңызды екенін ескертті.

Олардың газ бағасы өскендіктен жарық тарифі өсті ме деген сауалына залда қатысып отырған "ҚазТрансГаз Аймақ" филиалының директоры Қайсар Рахметов жауап берді. Ол газ өндірушілердің көтерме бағасын 30 пайызға көтергенін еске салды. Компания газ өндірушілерден көтерме бағамен тауарлық газ тарифін 28 теңгеден сатып алып, тұрғындарға (тұтынушыларға) 11 теңгеден сатып отырғанын айтты.
- Көрдіңіздер ме, біздер сіздерге 2,5 есе арзан сатып отырмыз, - деді газ бағасы көтерілмегенін айтқан Рахметов.
- Қалай сонда, бюджеттік мекемелерге газ бағасы қарашада - 39,8 теңге болса, маусымда - 52,5 теңге болған. Қалай көтерілген жоқ?-деп сұрақ қойды тұрғындардың бірі.
Рахметов табиғи газдың бағасы өскен жоқ, сақталып отыр деп қайталады.
Табиғи газдың бағасы шамамен 41 теңге болса, Атырау жылу электр орталығына тарифті 16 теңгеден ұстап отырғанын, Атырау облысына арнайы тариф бекітілгенін және бұл тариф екі жыл бойы (2026-2027) өзгермейтінін айтты.
Осыдан соң екі жыл бойы баға ұстап тұруға арналған бағдарламаға осы аралықта өзгеретін екі жылдық инфляция бағасы қосылғаны айтылды.
Сөз алған Атырау жылу электр орталығының өкілі инфляция жыл сайын 7%-дан 15%-ға дейін өзгеріп, бағаға инфляциялық өсім құны қосылатынын айтты.
-Сондықтан бізде де қазір өзіміздің тарифімізді санағанда, жылу және электр қуатын өндіруге саналатын тарифімізде ол бағалар да есепке алынған, - деді ол.
Кен орындарындағы су мәселесі: вице-министр не дейді?
Атырау облысындағы кен орындарын игеру және оған қажетті су ресурстарын пайдалану мәселесі жиында арнайы көтерілді. Өңірдегі ауыз су тапшылығы аясында мұнай компанияларының суды қайдан алып жатқаны туралы сауалға ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров жауап берді. Атырау облысында барлығы 114 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Оның 80-ге жуығы өндіру жұмыстарымен айналысса, 34-і барлау жүргізіп жатыр.
Вице-министрдің сөзінше, өңірде мұнай қабаттарына тұщы су айдау фактілері жоқ әрі заң бойынша оған тыйым салынған. Мұнай өндіруде көбіне қабаттық минералды сулар (пластовые воды) мұнайдан бөлініп алынып, қайтадан жер қабатына кері айдалады. Ал «Ембімұнайгаз» өндірістік қажеттіліктерге Жайықтан шектеулі мөлшерде ғана су тұтынады. Теңіз бен Қарашығанақта қабат қысымын ұстап тұру негізінен газды қайта кері айдау арқылы жүргізіледі.
Жерасты тұщы суын технологиялық процестерге пайдаланып жатыр сынға қатысты вице-министр жауап берді.
Вице-министрдің сөзінше, өңірде мұнай қабаттарына тұщы су айдау фактілері жоқ әрі заң бойынша оған тыйым салынған.
-Мұнай өндіруде көбіне қабаттық минералды сулар (пластовые воды) мұнайдан бөлініп алынып, қайтадан жер қабатына кері айдалады. Ал «Ембімұнайгаз» өндірістік қажеттіліктерге Жайықтан шектеулі мөлшерде ғана су тұтынады. Теңіз бен Қарашығанақта қабат қысымын ұстап тұру негізінен газды қайта кері айдау арқылы жүргізіледі, - деді вице-министр.
Оның мәліметінше, мемлекеттік жер қойнауы қорында (ПУФН) еліміз бойынша 4 мыңнан астам жерасты суының контуры белгіленген. Жер қойнауы туралы кодекстің 25-бабына сәйкес, жерасты суының қоры бар аумақтарда кез келген кен барлау немесе өндіру жұмыстарын жүргізуге заңмен шектеу қойылған.
-Кен орнын игеру жобасында өндіру көлемі, газ немесе су айдау көлемі, бүкіл өндірудің технологиялық процесі толық көрсетіледі. Сондықтан бұл мәліметтердің барлығын кез келген жер қойнауын пайдаланушының жобасынан көруге болады. Осы жобадан кез келген ауытқу айыппұл салуға немесе келісімшартты бұзуға әкеледі, - деді Ақбаров.
Айнұр САПАРОВА
Суреттер мен видеоларды түсірген автор
В Атырау +22.8 





