Атырау, 18 қыркүйек 16:28
 дождьВ Атырау +24
$ 444.58
€ 510.29
₽ 5.27

Атырау облысындағы өзенге 26 мыңнан астам бағалы балық шабағы жіберілді

95 рет қаралды

«ҚазТрансОйл» АҚ-ның еншілес ұйымы – «Магистральды Су құбыры» ЖШС Каспий теңізі бассейні мен оның жағалауын балықпен толықтыру мақсатында Қиғаш өзеніне 26 307 бекіре шабағын жіберді. 

Іс-шара Қазақстан Республикасының «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңына сәйкес жүзеге асырылып, Каспий маңы су жүйесінің ихтиофаунасы мен экологиялық тепе-теңдігін сақтауға бағытталған. Әрбір шабақтың салмағы 15–20 грамм, табиғи ортада тіршілік ету қабілеті жоғары, суға жіберілмес бұрын жұқпалы және паразиттік ауруларға ветеринарлық тексеруден өтті. Мамандар бейімдеу шараларын жүргізді. 

Қиғаш өзеніне балық жіберу жұмыстары бірнеше жылдан бері жалғасып келеді: 2024 жылы 23 600-ден астам, 2025 жылы 52 мыңнан астам шабақ жіберілген, үш жыл ішінде жалпы саны 100 мыңнан асты. Бұл көп еңбекті қажет ететін үрдіс уылдырықты алу, инкубациялау, дені сау балықтарды өсіру және табиғи ортаға жіберу кезеңдерінен тұрады. 

Жұмыстар «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» және басқа да ғылыми ұйымдармен бірлесіп атқарылды. Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар Каспийдегі бекіре тұқымдас және басқа да бағалы балықтардың популяциясын толықтыруға, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. 

Қиғаш өзені Атырау және Маңғыстау облыстарының суы тапшы аудандарын тұщы сумен қамтамасыз ететін маңызды көз болып табылады, оның суы «Астрахань-Маңғышлақ» магистральдық су құбыры арқылы шаруашылық-ауызсумен жабдықтау мен ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп қажеттіліктеріне беріледі. 

«ҚазТрансОйл» АҚ мен оның еншілес ұйымдарының бұл жұмыстары табиғи ресурстарды жауапты пайдалану, экологиялық жауапкершілік пен тұрақты даму қағидаттарына бейілділігін көрсетеді.

Бүгін, 15:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.