
Украина президенті Владимир Зеленский «Карпат сегіздігі» (С8) деп аталатын ынтымақтастықтың жаңа халықаралық форматы құрылғанын мәлімдеді, деп жазады DW.
Бірлестікке өңірдің сегіз мемлекеті кірді: Украина, Румыния, Сербия, Польша, Словакия, Чехия, Австрия және Венгрия. Украина басшысының айтуынша, С8 жұмысының негізгі бағыттары өңірлік қауіпсіздік, энергетика, логистика, шекара маңындағы экономиканы дамыту және жергілікті қауымдастықтарды қолдау болады.
Жаңа форматтың таныстырылымы 18 қыркүйекте Карпат өңірі елдерінің саммитінде өтті. Оған Сербия президенті Александр Вучич, Польша премьер-министрі Дональд Туск, Румыния президенті Никушор Дан, сондай-ақ Еуропалық одақ өкілдері мен халықаралық инвесторлар қатысты.
Кездесу барысында Польша премьер-министрі Дональд Туск алдағы күз бен қыс бүкіл Еуропа үшін сындарлы кезең болатынын айтып, ескерту жасады. Оның пікірінше, Кремль Киевті қолдайтын елдерге дрондар мен зымырандардың көмегімен гибридті шабуылдар жасауы мүмкін. Бұл әрекеттерді «кездейсоқ оқиғалар» ретінде көрсету арқылы логистиканы істен шығарып, НАТО-ның ұжымдық қорғаныс туралы 5-бапты іске қосу жөніндегі шешім қабылдау қабілетін әлсірету көзделуі мүмкін.
Ал Словакия премьер-министрі Роберт Фицо шиеленістің ушығу қаупіне қатысты қатаң пікір білдіріп, өз елін қақтығысқа тікелей қатысудан қорғауға ниетті екенін мәлімдеді.
«Мен Словакияның қандай да бір 5-бапқа байланысты әскери қақтығыстың бір бөлігі болғанын қаламаймын. Премьер-министр ретінде еліміздің ешқашан әскери қақтығысқа тартылмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын», — деп атап өтті Фицо.
В Атырау +24