Атырау, 18 мамыр 14:00
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +16
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Сәдуақасовтың ісі сотқа түсті

3 155 просмотра

Сотқа қалалық құрылыс бөлімінің бұрынғы бастығы Серік СӘДУАҚАСОВҚА қатысты Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлықққа қарсы күрес департаменті (ЭҚСКД) тергеген қылмыстық іс келіп түсті. Бұл туралы брифингте ЭҚСКД бастығының бірінші орынбасары Асхат БІТІМБАЕВ хабарлады.

Сәдуақасовқа қарсы бірінші іс биылғы жылдың ақпанында 176-баптың 3-тармағының «г» тармақшасы («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету») бойынша қозғалған еді. Тамыз айында аталмыш баптың тағы бір тармағы бойынша, сондай-ақ, 310-баптың 2-тармағы және 193-баптың 3-тармағы («Кәсiпкерлiк қызметке заңсыз қатысу» және «Заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе өзге мүлiктi заңдастыру») бойынша тағы үш қылмыстық іс өндірісі басталды.

- Кейін барлық төрт эпизод бір өндіріске біріктіріліп, қазан айында сотқа жолданды. Сәдуақасов мемлекеттік қызметті атқаруға өкілетті лауазымды тұлға бола отырып, 2009 жылдың ақпанында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға заңмен тыйым салынғанына қарамастан, өзінің қызметтік бабын пайдаланып, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысқан, - деді Бітімбаев брифингте. – Ол заңсыз жолмен алынған мүлікті заңдастырғаны, Атырауда несиелік тұрғын үй салуға берілген бюджет қаражаттарын жымқырғаны, аса ірі мөлшерде пара алғаны, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысқаны үшін Қылмыстық кодекстің төрт бабы бойынша айыпталуда.

ЭҚСКД-де түсіндіргендей, сотталушы іс жүзінде сенімді тұлға (оның жұбайының жиені «Атырау Құрман Құрылыс» ЖШС-нің тең құрылтайшысы болған, осылайша ол кәсіпорынның 50 пайыз үлесін иеленген) арқылы кәсіпорынды басқаруға қатысқан. Релизге сәйкес, ол «ЖШС директоры Қ. ӘЛІМОВКЕ салынып жатқан баспанаға мемлекеттік құрылыс сараптамасы бекіткен жобалау-сметалық құжаттарсыз мансардты қабат салуға заңсыз рұқсат беру түрінде жеңілдіктер, айрықша құқық беру немесе қамқорлық жасаумен айналысқан».

Әңгіме Нұрсая ықшамауданындағы коммуналдық көпқабатты үйлерге салынған мансардты қабаттар туралы болып отыр. Бүгінде бұл орынжайлар заңдастырылған, алайда сол кезде құрылыс процедурасы бұзылып салынған. Өйткені, Сәдуақасов құрылыс бөліміне басшылық ете отырып, оларға құжаттарды «өтіп кеткен уақытпен» рәсімдеген.

Құрылыс бөлімінің бастығы Бергей РЫСҚАЛИЕВ отставкаға кеткеннен кейін басталған қылмыстық істерді тергеу барысында қаржы полициясының көз қырына іліккен.

- Бірақ Сәдуақасов Бергей Рысқалиевтың ұйымдасқан қылмыстық қауымдастығының мүшесі боп табылмайды, сондықтан оған қатысты материалдар жеке өндіріске бөлініп, тергеу үшін біздің департаментке жіберілді, - деп түсіндірді Бітімбаев.

Қамауға алынған «Атырау Құрман Құрылыс» ЖШС директоры Әлімовке де қатысты көп мөлшерде қаражаттарды жымқырды деген айып тағылып отыр. Алайда оның ісі бойынша тергеу ісін Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жүргізіп жатыр. Өйткені ол істе Рысқалиевтің ұйымдасқан қылмыстық қауымдастығының мүшесі ретінде қаралуда.

Сонымен қатар брифингте қылмыстық заңнаманы қылмыс құрамынан арылту (декриминализациялау) және ізгілендіру бойынша жұмыс нәтижелері айтылды.

- Нәтижесінде ҚК-тің 5 бабы қылмыс құрамынан толықтай арылтылып, әкімшілік құқықбұзушылық санатына жатқызылды. Қаржы полициясы органдарының бизнесті қорғау жөніндегі қызметінің екінші маңызды бағыты шағын және орта бизнес субъектілерінің қызметіне заңсыз араласу фактілерін құрықтау болып табылады. Бұдан басқа, Агенттік төрағасының бұйрығымен кәсіпкерлік субъектілерін тексеру тәртібі белгіленді. Оның нұсқауына сәйкес, қаржы полициясының бүкіл бөлімшесі өткен жылдың наурызынан бастап кәсіпкерлерді тексеру үшін мораторий режимінде жұмыс жасауда. Биылғы жылы, алдыңғы жылмен салыстырғанда, тексерулер саны 51-ден 20-ға дейін азайды.

Бітімбаев әр адамның өзіне белгілі жемқорлық, шағын және орта бизнес қызметіне заңсыз араласу фактілері туралы қаржы полициясы органдарының 144 бірыңғай сенім телефонына қоңырау шалып, хабарлама қалдыра алатынын еске салып өтті.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

8 қараша 2013, 15:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.