Атырау – Астрахан тас жолындағы қайғылы жол-көлік апаты. 2013 жылдың 21 қазаны.Соңғы айларда көлік және коммуникация министрлігіне Атырау облысының әкімі, облыс атынан сайланған сенаторлар, облыстық мәслихат депутаттары кезекпен кезек ат басын тіреді. Бәрі де Атырау-Котяевка жолын қайта жарақтау жұмыстарының басталуын жылдамдату керек деген бір мәселені қозғауда. Оларға жол жұмыстарының басталуын 2015 жылы күтіңіздер деген бір жауап қана берілді.
7 қарашада әкімшілік полиция қызметкерлері бұзылған магистральға баспасөз бен жол мекемелерінің өкілдерін алып келді.
– Жолдардың жағдайы өте нашар. Жолдың беті ойлы-шұқырлы болып қалған. Оны айналып өтпек болған жүргізушілер бір-бірімен соқтығысады. Жыл басынан бері осы жолдарда 25 жол-көлік оқиғасы орын алды, онда 17 адам қаза болып, 50 адам жарақат алған. Өткен жылы 19 апат болып, 8 адам қаза тауып, 33 адам жарақат алған. Ахуалдың нашар екенін осыдан көруге болады,- деп хабарлады әкімшілік полиция басқармасының рота командирі Серік ҒАЙНЕДЕНОВ.
– Бұл жол кеңес өкіметі кезінде салынған. Құрылыс жүргізілген стандарттар баяғыда ескірген. Ол жүк көлігінің бір осіне 6-8 тонна салмаққа арналған. Ал қазір Қазақстан бойынша 13 тоннаға арналған бірыңғай стандарт қолданыста, -дейді «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалының пайдалану бөлімінің бастығы Мұратбек ҚАМЗАЕВ.
Оған қоса көлік қозғалысының қарқындылығы күшейді. Егер кеңестік дәуір жылдары магистральдің өткізу қабілеті тәулігіне үш мың көлікке есептелген болса, қазір оның бойымен тәулік сайын 4 мыңнан астам көлік өтеді, олардың көпшілігі көп тонналы фуралар.
Осы 277 шақырымдық тас жолдың ең қиын өтетін жерлері, жол компаниясы өкілінің айтуынша, Аққыстау мен Жанбай поселкелерінің арасындағы учаске екен.
Ал жолға қайта жарақтау жұмыстарын жүргізу жөніндегі шығындар сметасы 4 жыл бұрын жасалған. Ол жалпы ұзындығы 140 шақырымды құрайтын түрлі учаскелерді жөндеудің үш жобасынан тұрады. ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің жоспары бойынша келесі жылы осы жоба үшін дайындық жұмыстары басталып, жер бөлінуі тиіс.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор