
Атырауда соңғы күндердегі шығарындыларға байланысты ауада таралған жағымсыз иістің денсаулығына әсер етіп жатқанын айтып, тұрғындар әлеуметтік желілерде шағымдарын жариялады. Олар бас ауруы, бас айналу, жүрек айнуы, аллергия және басқа да жайсыздықтар туралы жазған. Алайда ауаның ластануы салдарынан аурушаңдық көбейгенін растайтын ресми дерек жоқ, тек болжам бар. Редакция ауа сапасы мен тұрғындардың денсаулығына қатысты шағымдар арасында байланыс бар-жоғын анықтауға тырысты.
Тұрғындар: «Басымыз ауырып, жүрегіміз айныды»
Жаппай шығарындылар кезінде әлеуметтік желілерде ауа сапасына қатысты шағымдар көбейді. Тұрғындар ауа әсерінен басы ауырып, басы айналып, жүрегі айнып, бірнеше сағат бойы өздерін жайсыз сезінгенін жазды. Кейбір ата-аналар балаларында жөтел мен аллергия белгілері пайда болғанын айтқан.
«dr.maksotovich» деп тіркелген бір қолданушы 7 қыргүйек күні таңғы сағат бестер шамасында жағымсыз иіспен бірге тұман пайда болғанын жазды. Оның айтуынша, осы иіс басталғалы қан қысымы көтеріліп, мұрыннан қан кету жиілеген, басы ауырған.
Ол: «Менде давление онсыз да бар еді, бірақ көтеріліп, аз уақытта бәрі қалпына келетін. Бұл жолы ерекше басымның қан тамырлары сезіп жатырғандай күйдемін. Қысқасы бәрпіңді өлтіріп, соңында өзім жарыламын дегендей болып тұр енді» деп жазба қалдырған (стилистикасы сақталған).
Тағы да 7 қыргүйек күні әлеуметтік желі қолданушысы Нұргүл Мәлік те ауаға байланысты денсаулығы нашарлағанын жазды. Оның айтуынша, беті ісініп, түшкіріп, көзі қышыған.
«Менің ішіп-жеуге де шамам жоқ, бетім түгел ісіп кетті. Жедел жәрдемге хабарласқым келеді, бірақ таңертеңнен бері қоңырау шалсам да, байланысқа шықпайды?! Не болып жатыр? Мұндай жағдай бәрінде болып жатыр. Жаппай шығарындылардың кесірінен адамдар ұйқысынан айырылды, ауадағы күкіртсутектің деңгейі шектен асып кетті» («я не могу ни есть, ни пить, лицо полностью отекло. Хочу дозвонится до скорой, но с утра звоню и звонки не идут?! Что происходит? И такая ситуация у всех, из за массовых выбросов у людей пропал сон, уровень сероводорода в воздухе зашкаливает»), – деп жазды ол (түпнұсқа орыс тілінде жазылған цитатаның стилистикасы сақталған).

Редакция Нұргүл Мәліктің өзімен байланысып, әлеуметтік желідегі жазбасында сипаттаған жағдайын нақтылады. Ол ауада жағымсыз иіс пайда болған кезде аталған белгілер күшейіп кететінін растады. Қазір облыстық ауруханада ем алып жатқанын айтты.
Жедел жәрдем: «Ауадан уландық деген шағым түскен жоқ»
Кеше әлеуметтік желідегі мұндай шағымдар көбейген соң, бүгін редакция жедел жәрдем қызметіне түскен қоңыраулар бойынша мәлімет сұратты. Ауада жағымсыз иіс бар деген шағым бойынша жедел жәрдемге бір ғана қоңырау түскен. Алайда шақырту кейіннен қоңырау шалушының өзі тарапынан тоқтатылған.
Жалпы жедел жәрдем шақыртуларының саны да айтарлықтай өзгермеген. Атырау облыстық медициналық жедел жәрдем станциясы директорының орынбасары Наргиза Абдрахманованың мәліметінше, тәулігіне орта есеппен 980-1060 шақырту түседі.
Жедел жәрдем статистикасы нені көрсетеді?
Соңғы күндердегі көрсеткіштер мынадай:
- 4 қыргүйек – 1040,
- 5 қыргүйек – 1025,
- 6 қыргүйек – 1060,
- 7 қыргүйек – 1030 шақырту түскен.
Жедел жәрдем қызметі 7 қыргүйектегі аурушаңдық бойынша да нақты мәлімет берді. Бір тәулікте инфекциялық ауруларға байланысты 65, жүрек-қантамырлар жүйесі аурулары бойынша 174, жарақаттар бойынша 80, жол-көлік оқиғаларына байланысты 8 шақырту тіркелген.
Жүйке жүйесі аурулары бойынша 87, тыныс жолдары аурулары бойынша 182, асқазан-ішек жолдары аурулары бойынша 107 шақырту болған. Хирургиялық аурулар бойынша 15, гинекологиялық аурулар бойынша 56, зәр шығару жүйесі аурулары бойынша 9, өзге нозологиялар бойынша 156 шақырту тіркелген.
Жедел жәрдем қызметінің баспасөз қызметі аурушаңдық көрсеткіштерінде өзгеріс жоқ екенін айтады.
«Аурушаңдық өзгеріссіз, бұған дейінгі кезеңдер де осы динамиканы сақтап отырмыз», – деп хабарлады Наргиза Абдрахманова.
7 қыргүйекте тыныс жолдары аурулары бойынша 182 шақырту тіркелген. Алайда бұл көрсеткіштің дәл осы күндердегі ауаға шыққан зиянды заттармен байланысты екенін ресми деректерден анықтау мүмкін емес.
Себебі жедел жәрдем статистикасы шақыртудың себебін көрсетеді, бірақ оның нақты неден болғанын, мәселен, ауадағы күкіртсутек немесе басқа да зиянды заттардың әсерінен туындағанын дәлелдемейді.
Сондықтан әлеуметтік желідегі тұрғындардың шағымдары мен ресми медициналық статистика әзірге екі бөлек дерек ретінде қалып отыр. Тұрғындар ауаға байланысты бас ауруы, жүрек айнуы, аллергия, ісіну және басқа да жайсыздықтар туралы айтып отыр. Ал жедел жәрдем қызметі соңғы күндері шақыртулар санының айтарлықтай өспегенін және аурушаңдық динамикасы тұрақты екенін хабарлайды.
Алайда ауадағы зиянды заттардың адам денсаулығына нақты әсерін бағалау үшін осы екі көрсеткіштің өзі жеткіліксіз. Ол үшін ауа сапасының нақты өлшемдері мен медициналық жүгінулердің динамикасын салыстырып, дәрігерлердің қорытындысын да ескеру қажет.
Мұны кім зерттеуі тиіс?
Осыған байланысты редакция облыстық денсаулық сақтау басқармасына жүгінді. Біз ауа құрамындағы зиянды заттардың адам денсаулығына әсері бойынша қандай да бір статистика бар-жоғын сұрадық. Нақтырақ айтқанда, соңғы шығарындылардан кейін тұрғындар арасында тыныс жолдары, аллергиялық немесе басқа да аурулар бойынша жүгінулер көбейді ме деген сауал қойдық.
Сонымен қатар, қала атмосферасының ластану дәрежесі мен балалар, жасөспірімдер және ересек тұрғындардың аурушаңдығы арасындағы өзара байланысқа (корреляцияға) талдау жасалды ма деген сұрақ қойдық. Мұндай зерттеулер бұрын жүргізілді ме, жақын арада қандай да бір талдау жасалды ма, қай жылдар қамтылды, олардың қорытындысы, статистикасы мен көрсеткіштері қандай деген мәселелерді де нақтылауды сұрадық.
Басқарманың баспасөз қызметі мұндай талдаумен айналысу басқарма құзырына жатпайтынын хабарлады.
СЭС: «Нақты әсерін анықтау үшін ғылыми зерттеу қажет»
Ал облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы орынбасары Айгүл Искакова ауа құрамынан табылған ластаушы заттардың – негізінен көмірсутектер, күкіртсутек, ароматты көмірсутектер, азот диоксиді, бензол, формальдегид, ұсақ шаң, күйе секілді ластаушы заттардың – бірнеше есе артуы тыныс алу жолдарына жанама әсер ететінін айтады.

«Бірақ дәл осы ластаушы заттардың адам денсаулығына нақты әсер етіп отырғанын бағалау үшін ғылыми зерттеулер қажет. Оны медициналық және экологиялық тұрғыдан өзара байланыстырып, нақты дәлелдер болған жағдайда ғана айтуға болады», – дейді А. Искакова.
Былтыр дайындаған материалымызда да денсаулық сақтауды дамыту орталығы мен СЭС мәліметіне сүйеніп, кейінгі он жылда тыныс алу жолдары ауруларының 17 пайызға өскені байқалғанын жазғанбыз.
Ғалым: кей аурулар мен ауадағы күкіртсутек арасында корреляция байқалған
Ал Атырау университетінің профессоры, эколог Мәнсия Есенаманова да осы мәселеге қатысты зерттеу нәтижесіне тоқталды. Оның айтуынша, докторлық диссертация қорғаған тәлімгері зерттеу барысында ашық дереккөздердегі статистиканы пайдаланып, 2022 жылғы өлім-жітім көрсеткіштері мен ауадағы күкіртсутек құрамының арасындағы корреляциялық байланысты есептеген. Зерттеу барысында аурулардың бірнеше түрі қарастырылған.

Мәнсия Есенаманованың айтуынша, корреляциялық байланыс үш ауру түрінен байқалған. Негізгісі – тыныс алу органдары аурулары, одан кейін жүрек-қантамыр аурулары, сондай-ақ онкологиялық аурулармен аздап оң байланыс байқалған. Ал басқа ауру түрлерімен өзара байланыс анықталмаған.
Дегенмен эколог бұл корреляциялық есептің болжам түрінде жасалғанын атап өтті.
«Экологиялық апат аймағы» мәртебесі мәселесі не болды?
Атырау облысында өңірді «экологиялық апат аймағы» деп танып, тұрғындарына өтемақы төлеу мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Бұл үшін Атырау өңіріндегі экологиялық жағдайдың халық денсаулығына қалай әсер ететінін терең зерттеу қажеттігі де айтылып жүргеніне көп болды.
Еске салайық, 2023 жылы Атырау облысының тұрғындары өңірді экологиялық апат аймағы деп тануды талап еткен еді. Алайда петиция модерациядан өтпей қалды. Комиссиялар құрылып, түрлі кездесулер өткеніне қарамастан, жұртшылық ауа мен судың ластануына әлі күнге дейін шағымданып келеді.
ДСҰ зерттеуінен не хабар?
2024 жылдың желтоқсанында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық сарапшылары ауа, топырақ және суды зерттеуге көмектесуге дайын екенін мәлімдеген болатын.
Былтыр осы бағытта облыс әкімдігі, Денсаулық сақтау министрлігі және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасында үшжақты келісім жасалып, төртжылдық меморандумға қол қойылған. Оның мерзімі ұзартылуы мүмкін. Жұмыстар халықаралық сарапшылардың қолдауымен 2026–2029 жылдарға арналған «Жол картасы» аясында жүргізіледі. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен бұл жөнінде қосымша ақпарат сұраттық. Жауап келген бойда толықтырамыз.
2025 жылдың жазында халықтың денсаулығына кезең-кезеңімен мониторинг жүргізу жоспарлары талқыланды. Алайда аймаққа әлі күнге дейін ресми түрде «экологиялық апат аймағы» мәртебесі берілген жоқ.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген автор
В Атырау +18.3