Атырау, 21 желтоқсан 10:05
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

3 652 просмотра

Медаль мен доллар

Таразда Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған еркін күрестен маңызды халықаралық турнир өтті.

Кілемге Ресей, Моңғолия, Грузия, Белоруссия, Қырғызстан және Қазақстан елдерінің үздік палуандары белдесуге шықты. Турнирді ұйымдастырушылардың жеңімпаздар мен жүлдегерлерге тіккен қомақты сыйақылары (1, 2 және 3-орындарға, сәйкесінше, 5000, 3000 және 1000 доллар) доданы қыздыра түсті.

Атыраулық палуан, 2012 жылғы Қазақстан Кубогының иегері Азамат Өміржанов (бапкері М.Жанғалиев) үш жеңіске жетті, соның ішінде Бейжің Олимпиадасына қатысушы Жасұлан Мұхтарбекұлын да тізе бүктірді. Алайда Ресей құрамасының өкілімен болған шешуші белдесуде ұтылып қалды. Осылайша ол Тараздан күміс медаль мен 3 мың долларды олжалап қайтты.

***

 

Ақтөбе мен Ульяновскіден келген жүлделер

Ақтөбеде 1998-2000 ж.т. жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен Қазақстан біріншілігі өтті.

Ақтық сында 53 келіге дейінгі салмақта Семей спортшысы А. Малтекеевты жеңген 1-БЖСМ шәкірті Асылбек Қосаманов (бапкері Е. Уаисов) «алтыннан» алқа тақты. Облыс құрамасының қоржынына 66 келіге дейінгі салмақта белдескен Ғаламат Саматов (бапкері Е. Еділбаев) қола жүлде салды.

Жиырмаға тарта атыраулық палуандар Ресейдің Ульяновск қаласында өткен Кеңес Одағының Батыры И. Полбинды еске алуға арналған дәстүрлі жастар турниріне қатысты. Бұл жарыстарда 55 келіге дейінгі салмақта Мирас Рахметуллаев (бапкері Р. Мусин) қола жүлдегер атанды.

***

 

Спортшының ерлігі

Болгарияның астанасы Софияда каратэ кекушинкайдан алғаш рет KWU әлем чемпионаты өтті. KWU - KWF, KAN және IFK сияқты үш әлемдік федерациялардың одағы. Чемпионатқа әлемнің 50 елінен 295 спортшы қатысты.

Қазақстан құрамасының қатарында Атырау облыстық каратэ кекушинкай федерациясының (президенті А.Дүйсембай) шәкірттері Әлихан Құмарғалиев (60 келіге дейін),Бауыржан Күмісқалиев (70 келіге дейін), Мұрат Сыдықов (75 келіге дейін) және Арман Бисалиев (95 келіге дейін) өнер көрсетті.

Тек Бауыржан ғана финалға жете алды. Алғашқы айқасында ол ирандық мықты спортшы Мохаммад Вазифешенасты қосымша уақытта төрешілердің шешімімен ұтты. Екінші жекпе-жегінде түрік Мұрат Дегирменсиді маваши гири соққысымен таза ұтты. Ширек финалда Бауыржан аустралиялық Гарри Личманмен кездесіп, кескілескен айқаста жанбасынан жарақат алғанына қарамастан, ерік-жігер көрсетіп, жеңіске қол жеткізді. Бұл жарақат ақтық сынға жолдама сыйлайтын айқаста сыр беріп, спортшымыз жапондыққа жол берді.

Әлем чемпионатына қатысушы атыраулықтарды Нұржан Кенжеболатов дайындады. Федерация басшылығы демеушілік көмек көрсеткен «АМӨЗ» ЖШС, «ҚазМұнайГаз - Бұрғылау» ЖШС, «КоЖаН» ЖШС, «Жігермұнайсервис» ЖШС, «Интрепайп-Қазақстан», «ТӨБЕАРАЛ-ОЙЛ» ЖШС, «Авалон Групп» ЖШС, «ADK» ЖШС, «ҚазПетроТранс» ЖШС компанияларына алғыс айтады.

***

 

Шынболаттың жеңісті жолы

Қызылорда облысының Жусалы кентінде 1994-96 ж.т. жастар арасында Қармақшы ауданының құрметті азаматы Болатбек Сүлейменовті еске алуға арналған дзюдодан 13-ші халықаралық турнир өтті.

Жарыстарға Қазақстаннан және басқа да Орта Азия елдерінен 160 дзюдошы қатысты. 60 келіге дейінгі салмақта 1-ОРМБЖСМ шәкірті Шынболат Хасанов (бапкері Қ. Сүлейменов) алтын жүлде иеленді. Жарыс барысында Шынболат бес жеңісті белдесу өткізді. Ақтық сынға жетер жолда ол екі қызылордалық пен екі өзбекстандықты иппонға лақтырып, финалға өзбек палуанымен шықты. Бұл белдесуде бір ұпай («юко») айырмашылығымен жерлесіміз басым түсті.

***

 

Жүлделер жауыны

Шымкентте БЖСМ шәкірттері арасында таэквондодан (WTF нұсқасы) Қазақстан чемпионаты өтті.

Облыс намысын қорғаған Привокзальныйдағы 1-БЖСМ-нің 25 шәкірті жүлделі оралды: «алтын»: 41 келіге дейін - Айдана Еділбаева және Әділбек Жолдасов, 68 келіден жоғары - Айгүл Елубай, 73 келіге дейін - Амантұр Табылдиев; «күміс»: 33 келіге дейін - Жасмин Дуатова, 42 келіге дейін - Бегарыс Бегалиев; «қола»:  33 келіге дейін - СұлтанАхмет Панарбек және Әйгерім Дидарова, 48 келіге дейін - Алмас Меллатов пен Әлихан Сеитов, 49 келіге дейін - Ұлжан Маханова және Мөлдір Әлмұқашева, 51 келіге дейін - Сағадат Жолдасбаев пен Жалғас Қаныбаев, 55 келіге дейін – Аягөз Нығметова, 59 келіге дейін - Арайлым Оразақова және Бексұлтан Латиф. Спортшыларды бапкерлер Р. Аманғалиев пен С. Сардарова дайындады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

7 қараша 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.