31 қазанда Атырау қаласының теміржол вокзалында премьер-лига командала-рының футбол орталықтарының шәкірттері арасында Қазақстан чемпионатының алтын медалін ұтып алған 1999 ж.т. «Атырау» командасының ойыншыларын салтанатты қарсы алушарасы өтті.
«ЖС» анықтамасы: «Атырау-99» командасы «Атырау» футбол клубының дайындық тобы ретінде 2009 жылы құрылды. Команда құрамы: қақпашылар – Әзиз Сахиполлаев, Сұлтанбек Пангереев, қорғаушылар – Ерасыл Аманжол (6 гол соқты, чемпионаттың үздік ойыншысы атанды), Александр Волкогонов (1 гол), Әди Мұсабаев (1 гол), Артур Ковалёв, Эльдар Борисов, Қуат Аманбаев, Ахмет Ізғалиев; жартылай қорғаушылар – Владимир Волкогонов (2 гол), Ерхан Таласбаев (5 гол), Дастан Хайреденов, Саламат Бағдат, Батырхан Өтеғалиев, Әліби Бекжанұлы, Әділбек Каримов, Әлібек Аманғали; шабуылшылар – Алексей Блинов (18 гол, чемпионаттың сұрмергені), Батырхан Орынбасаров (16 гол), Виктор Грабко, Ілияс Шаяхметов, Ернар Қазиханов және Досымбек Дайынбеков. Команданы Х. Досмұхамедов атындағы АМУ түлегі 26 жасар Қуаныш Қабдолов (суретте) жаттықтырады.
Алдын ала ойын кезеңінде жас футболшыларымыз 11 матчтың 10-ында жеңіске жетіп, «Ақтөбемен» болған бір ойында тең ойын көрсетті (2:2). Әрі сегіз үздік команда екі топқа бөлінді. Топтық кезеңде де «Атырау» үш жеңіске жетті: «Қайрат» - 3:0, «Ақжайық» - 3:0 және «Восток» - 3:2. Чемпионаттың финалдық кезеңі Өскеменде өтті. «Атырау» командасы алаң иелерін 3:2 есебімен ұтып, содан кейін «Ертісті» 7:1 есебімен ойсырата жеңді. Осылайша командамыз чемпионат «алтынына» мерзімінен бұрын қол жеткізді. Еш маңызы жоқ «Ордабасымен» ойында жерлестеріміз босаң өнер көрсетіп, 0:1 есебімен ұтылып қалды.
- Әрине, үлкен тәжірибеге ие болып, жеңістің тәтті дәмін татқан шәкірттерім үшін өте қуаныштымын, - дейді «Атырау» балалар командасының бапкері Қ. Қабдолов. - Чемпионатқа тізімде берілген 23 ойыншының барлығы да қатысты, аянып қалған адам жоқ.
Алексей БлиновВокзалда біз «Атырау» ФК директоры Асылбек ЖҮНТЕРБАЕВТАН команданың осы жеткен жетістіктеріне түсінік беруін сұрадық:
- Бұл жетістік «Атырау» ФК жанындағы футбол орталығы дұрыс бағытта жұмыс жасап жатқанын көрсетеді. Блиновтың футбол орталығындағы жалғыз талантты бала емес екендігін айтып өткен жөн. 1997 ж.т. шәкірттер арасынан Валерий Андреев тамаша өнер көрсетіп жүр, «Атырау» ФК-ның негізгі құрамына ілігуге дайын. Біз жергілікті жастарды міндетті түрде негізгі құрамға тартамыз, тек ысылып, тәжірибе жинасын. Қазір «Атырау» командасында жергілікті ойыншылар - Айбар Нұрибеков, Нұрсұлтан Мәдиев, Алексей Родионов, Алексей Маров ойнайды. Блиновтың да негізгі құрамға қосылуы алыс емес.
«Атырау» ФО-ның техникалық директоры Владимир ГРИГОРЬЕВ былай дейді:
Ерасыл Аманжол- ФО-ның бапкерлері балалармен Қазақстан футбол федерациясы әзірлеген оқу-жаттығу бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізді және бұл нәтиже көрсетіп отыр. ҚР чемпионаттарында басқа жастағы командаларда сәтті өнер көрсетті: 1995 ж.т. – 5-орын, 1997 ж.т. – 5-орын, 1996 ж.т. – 6-орын.бірқатар ойыншылар Қазақстан жасөспірімдер құрамасы қатарына шақырылды. Футбол секцияларының материалдық-техникалық базасының жақсарғанын да атап өткен жөн. Екі ай бұрын балалардың ата-аналары «Ривьера» стадионының трибуна асты орынжайында киім шешетін орындар жоқ деп шағымданған. Балаларға қыс мезгіліне стадионның негізгі ғимаратындағы шешінетін бөлмеден орын берілді, алайда бұл да жеткіліксіз. «Ривьерада» күндіз және кешке 200-ге тарта бала футболмен шұғылданады. Салқын түспес бұрын ФО үшін спорт залдарын жалға алуды ойластыру керек. Бізге 3 зал керек, әзірге тек біреуі ғана бар – «Атырау» ФК-ның «Судоремонтник» стадионы базасындағы спорт зал.
Жақында біз Исатай ауданында ФО филиалын аштық. Сол өңірде тұратын үш жаттықтырушы бізге келіп, іс-тәжірибеден өтті, әдістемелік көмекші құралдар алды. Алайда басқа да аудандар бар, біз оларға да көңіл аударғымыз келеді. Біздің қояр басты талабымыз – аудандарда жасанды жабындысы бар футбол алаңдарын салу.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ