
Махамбет ауылы мен Ақтоғай ауылының тұрғындары «Ақ Жайық» редакциясының тілшісіне ауылдағы өздерін мазалаған мәселелерді айтып берді. Әңгіме негізінен жұмыссыздық, жастарға арналған мүмкіндіктердің аздығы, инфрақұрылым және ауыл халқының біртіндеп қалаға көшуі туралы.
«Тұрақты жұмыс пен мүмкіндік жоқ»
Махамбет ауылының тұрғыны Алтынай Түгелбаева ауылда тұрғанымен жұмысы қалада. Оның айтуынша, ауылда жұмыс табу қиын. Сол себепті қаладан жұмыс тапқан. Қалаға түбегейлі көшіп келейін десе, ауылдағы әке-шешесін қимайды. Зейнет жасындағы әке-шешесі ауылды тастап, қалаға көшкісі келмейді. Сондықтан Алтынай әзірге ауыл мен қаланың екі ортасында қатынауға мәжбүр. «Күнделікті алыс жол жүру шаршатады» дейді Алтынай. Күнде ойық-шұңқыры көп трассамен жүру де оңай емес. Әңгіме – Атырау-Орал трассасы туралы. Ақтоғай мен Атырауға дейінгі бөлігі де мәз емес. Алтынайдың сөзінше, ауылдың іші де жолға сұранып тұр. Кейінгі екі жылда ғана ауылға кіреберіс жолда асфальт төселгенін айтады. Онда да қабатына қатысты сын болған дейді.
Одан бөлек, ауыл тұрғындарын мазалайтыны — жұмыс орны мен жастарға арналған үйірмелердің жоқтығы.
— Ауылда жұмыс орны жоқ, қосымша үйірмелер де жоқ. Таланты бар баланы үйірмеге берейін десең, қалаға шығуың керек, — дейді Алтынай.
Алтынайдың бірнеше дипломы бар. Ол – педагог, экономист, заңгер және ағылшын тілі маманы. Қазір физика-информатика мамандығының соңғы курсында оқып жатыр.
Өзі политехника колледжі директорының ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары. Қосымша экономика пәні бойынша кәсіпкерлік, банк саласы, сақтандыру салаларынан дерінен лекция оқиды. Алтынай соңғы мамандықты алдағы уақытта мектепке жұмысқа кіру үшін оқып жатқанын айтады.
Осындай бірнеше мамандығы бар ол ауылда өзіне жұмыс таппаған. Жұмыс іздеп, балабақшаға орналасуға тырысқанымен, нәтиже болмаған.
— Ауылда мәдениет клубы бар. Оған да алса болар еді, негізі. Өзім бұрыннан ән айтатынмын. Концерттерге, түрлі шараларға қатысатынмын. Әлі күнге дейін ауданаралық концерттерге шақырып жатады. Қай жерде шара болса, жастарды солай тартады. Бірақ тұрақты жұмыс пен мүмкіндік жоқ, — дейді ауыл тұрғыны.
Оның айтуынша, ауылда жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін орындар да аз.
— Биыл ауылда ФОК ашылды деп қатты қуандық. «Енді волейбол ойнаймыз, жастарға бір жер болады» деп ойладық. Бірақ жазда, шілдеде ойын ұйымдастырғым кеп барсам, күні кеше ашылған ФОК-та «ремонт болып жатыр» деді. Күні кеше ашылған ғимаратқа қайдағы ремонт деп таңғаласың. Жастардың баратын жері жоқ. Қазір ФОК ашық па, білмеймін.
Алтынай балалар мен жастардың спортпен, өнермен айналысуына арналған қосымша үйірмелер болса екен деген тілегін де жеткізді.
— Баланы үйірмеге берейін десең, қалаға бару керек. Оның өзі күнделікті қатынауға оңай емес, — дейді ол.
Ауыл мектебінің оқушыларына арналған үйірмелер аздық етеді дейді ол. Оның айтуынша, бокс, би үйірмелері секілді түрлі үйірмеге барғысы келетін ауыл балалары көлік тауып, аудан орталығына қатынап жүр.
Ауылдағы тағы бір мәселе — көшелердің жарықтандырылмауы.
— Ауыл қараңғы. Кешке серуендеп, 10 мың қадам жасап, жаяу жүріп қайту да қиын, көшелердің жарығы жоқ. Тек бір көшеге жолға бағаналар орнатылды, бірақ әлі іске қосылған жоқ.
Балаларға арналған шағын алаң мен футбол алаңы бар. Ауыл тұрғынының айтуынша, балалар мен жастар күні-түні сол жерде ойнайды.
— Бұл — ауылдағы жалғыз үлкен мүмкіндік деуге болады. Одан басқа жастардың бас қосатын, уақытын тиімді өткізетін жері жоқ.
«Мектептегі білім сапасына көңілім толады»
Ауылдағы бала санының аздығы да бірқатар мәселеге әсер етеді. Балабақшаға баратын балалар аз болғандықтан, қосымша топ ашуға мүмкіндік жоқ. Мектептегі оқушылар саны да аз.
Дегенмен Алтынай ауыл мектебіндегі білім беру деңгейіне көңілі толатынын айтады.
— Ауылда бала да аз. Балабақшаға баратын балалардың саны аз болғандықтан, қосымша топ ашуға да мүмкіндік жетпейді. Мектептегі бала саны да аз. Бірақ ауыл мектебіндегі мұғалімдер жақсы, білім беру деңгейіне көңілім толады. Қызым да ауылдағы мектепке барады, білім сапасы жақсы.
Өзінің де ауылда тұрып, жұмысқа қалаға қатынауы оңай емес.
— Таңертең ауылдан шығып, жұмысқа барып, жиналыстарға қатысып, қайта үйге қайту керек. Күнделікті қатынау шаршатады. Әке-шешем де ауылдан көшкісі келмейді. Қалада үйіміз бар, бірақ амалсыз ауылда отырмыз, — дейді ол.
Ауылдағы интернет байланысының сапасы да көңіл көншітпейді.
— Интернет желісі де шамалы. Кеше найзағай түсіп, үйдің артына түскен жағдай болды. Көп нәрсе күйіп кетті, қазір өзіміз жөндеп жатырмыз.
Жол мен қауіпсіздік мәселесі
Ауыл тұрғыны жол мәселесін де атап өтті. Оның айтуынша, ауылға кіреберіс асфальт соңғы екі жылда ғана салына бастаған. «Оның өзінде асфальттың қабаты жұқа деген сын болды» дейді Алтыншаш.
Тағы бір мәселе – шибөрілер. Ауыл тұрғындары кейінгі жылдары шибөрілер жиілегеніне жиі шағымданады. Алтыншаш та ауылдың шетінде тұратындықтан, шибөрілер жиі кездеседі деп отыр.
— Кейде шибөрілер қора-жайымызға кіріп кететін жағдайлар да болады.
Бұл мәселе туралы әкімдікке де айтылған.
— Тіпті қалада жұмыс істейтін жігіттер арқылы таныстарға айтып, аңшыларға дейін хабарластық. Біраз уақытқа басылған еді, кейін қайта басталды. Ол мәселені де әкімдік тарапынан емес, ауыл тұрғындарының өз бастамасымен бір рет қолға алынған болатын.
Ауыл тұрғынының айтуынша, ауылда жақсы мектеп, балаларға арналған футбол алаңы жеткіліксіз. Ол ауылда жастарға тұрақты жұмыс орындары, үйірмелер, спортпен және өнермен айналысатын орындар, қауіпсіз әрі жарық көшелер жетіспейді дейді. Ауыл қаладан бір жарым сағаттық жерде. Ауасы да бөлек. Ауыл қонақтарының да бағасы осы.
— Ауылдың дамуы тек жол немесе ғимарат салумен шектелмесе екен дейсің. Жастарға мүмкіндік керек. Жұмыс орны болса, үйірме болса, спортпен, өнермен айналысатын жағдай жасалса, ауылда қалғысы келетін жастар да көбейер еді.
Ақтоғайда тұрғындар саны азайып барады
Ақтоғай ауылының болашағына қатысты тағы бір мәселе бар. Бұл — тұрғындар санының азаюы.
Ақтоғай орта мектебінің директоры Жоламан Ізғалидың айтуынша, оқушылар саны жылдан-жылға азайып келеді. Ол мұны жас отбасылардың қалаға көшуімен байланыстырады. Бұрын 200 бала оқыған мектепте қазір 170 бала білім алады. Балалар бір ауысымда оқиды. Директор балалардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін екінші ауысым уақытын үйірмелерге арнап отыр. Мәселен, мектепте көбіне сурет, қолөнер үйірмелері барын, мектептегі балалардың жұмыстарынан байқауға болады.
Біз сөйлескен басқа ауыл тұрғындары да жастардың ауылдан көшіп жатқанына жұмыс табудың қиындығы себеп екенін айтады.
Ал ауыл әкімі Есім Мұратов ауылдың жағдайы жақсы деп есептейді. Оның сөзінше, Ақтоғай ауылында 1200 адам тұрады. Оның 556-сы — еңбекке қабілетті жаста. Олардың көбі кезекпен жұмыс істейді.
Әкімнің айтуынша, ауылда сегіз адам ғана жұмыссыз ретінде тіркелген.
Сонымен бірге ауыл әкімі жастардың ауылдан көшіп жатқанын және жұмыссыздық мәселесі бар екенін мойындайды. Алайда оны үлкен проблема деп санамайды.
Әкім ресми түрде тіркелген сегіз жұмыссыздан бөлек, жұмыссыздар саны бұдан да көп болуы мүмкін деген пікірмен де келіседі.
Ауылдың болашағы, түптеп келгенде, онда адамдардың қалуына байланысты. Ал адамдарды ауылда ұстап қалу үшін тек жол, мектеп немесе жаңа ғимарат жеткіліксіз. Тұрақты жұмыс, балалар мен жастарға арналған үйірмелер, спорт пен өнерге мүмкіндік, қауіпсіз әрі қолайлы орта қажет.
Өйткені ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +26.4