Атырау, 26 қараша 10:33
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Екі нысан - бір проблема

7 194 просмотра

Құлсары қаласының тұрғындары сақалды құрылысқа айналған мектеп пен емхананың тапсырылатын күнін сарғая күтіп жүр. 

Бұдан бұрын да жазғанымыз-дай, бірнеше жылдан бері қаладағы №9 мектепте оқушылар үш ауысыммен оқып жүр. Биыл олардың бір бөлігі жаңа мектепке көшеді делінген болатын. Алайда екі жылдан бері салынып жатқан 624 орындық мектептің қашан пайдаланылуға берілетінін аудандық әкімдіктің өзі білмейді. Мектеп құрылысы 900 млн теңгеге бағаланған, бас мердігері - «Мұнайқұрылыссервис» ЖШС болатын, ал тапсырысшы - облыстық құрылыс департаменті. Күздің басында өткен облыстық селекторлық кеңесте мектепке қажетті құрал-жабдықты алуға қосымша 44 млн теңге бөліну қажеттігі сөз болған еді.

Біз мектепте күзетшіден өзге  ешкімді кездестірмедік. Үш қабатты мектептің жылуы, суы, электр желілері тартылыпты. Бірақ ғимарат қолданысқа берілмегендіктен, уақытша ажыратылған. Сыныптарда мектеп оқушыларына арналған үстел, орындық, тақталар орнатылған. Ғимарат қоршалып, жан-жағы асфальтталған...

- Құлсары қаласындағы 250 адамды қабылдауға арналған емхана құрылысының сағызша созылуы жұртшылықтың төзімін тауысып бітті. Себебі, бұрынғы жатақхананың орнында жұмыс істеп жатқан емхана Құлсарыдағы 50 мың адамды толық қамти алмайды. Ғимарат ескі әрі өте тар. Дәрігерге кіру үшін дәлізде ұзын-сонар кезекке тұрған адамдардың ұрыс-керісі бізге естіліп жатады.  Ал жаңа емхананың құрылыс жұмысы өте баяу жүруде, - дейді Жылыой аудандық ауруханасының бас дәрігері Қуанышқали ӨТЕГЕНОВ.

Емхана құрылысы - 1 млрд 400 мың теңгеге бағаланған. Бас мердігері - «Мұнайқұрылыссервис» ЖШС болса, тапсырысшысы - облыстық құрылыс департаменті. Құрылыс жұмысының жүріп жатқанына үшінші жыл болды.

- Біз қосалқы мердігерміз, - дейді «Аралсервис» ЖШС-нің учаске бастығы Ахметжан ӘЛІБЕКОВ. - Біздің алдымызда бұрынғы мердігер жұмысты тастап кетіп, соның жұмысын жалғастырдық. Бас мердігер екі айдан бергі жұмысымызға тиісті қаржыны аудармай отыр. Жұмысшылар да жалақы алған жоқ. Бұл жағдай ұзаққа созылса, жұмыс та сылбыр жүреді. Негізі, қарашада нысанды тапсырамыз деп ойлағанбыз, алайда ол жоспарымыз іске аспады.

- Емхана ғимаратын тапсыру мерзімі кешіктіріліп жатқаны рас. Енді мердігерлер нысанды алдымыздағы желтоқсан айының аяғында тапсырамыз деп отыр, - дейді Жылыой ауданының әкімі Мақсым ІЗБАСОВ. -Ал мектеп құрылысының жобасы қайта өзгерді, сондықтан оның құжаттары әлі бітпей тұр. Мердігерлер құжаттың шаруасы шешілген соң, нысанды тапсырамыз деп отыр. Бұйырса, балалар бұл мектепте ІІ тоқсаннан бастап оқитын болады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

7 қараша 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.