Өткен демалыс күндері Атырауда «Аяз Ата» жобасы іске қосылды. «ААА» еріктілері мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған қайырымдылық акциясын ұйымдастыру бастамасын көтерді. Алайда оған ниет білдірушілердің барлығы қатыса алады.
Көптеген мекемелерде Жаңа жыл мен басқа мерекелер қарсаңында интернат мекемелерінің тәрбиеленушілеріне көмек көрсететін жақсы дәстүр қалыптасқан. Демек, бұл жолы да олар демеушілердің назарынан тыс қалмайды. Атырауда өзін таныта алатын мүмкіндіктері жоқ балалар өте көп. Олар бүкіл уақыттарын үйде өткізуге мәжбүр. Акцияның мақсаты – ауыр сырқат төрт қабырғаға таңып қойып, балабақшаға, мектепке бару, құрдастарымен ойнап, араласу мүмкіндігінен айырылған балаларға қуаныш сыйлау. Акция 182 баланың мекен-жайы жазылған тізімдерді ұсынған қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесе жүргізіледі. Олардың барлығын аралап шығып, балалары мен ата-аналарынан олардың Жаңа жылда не алуды армандайтынын сұрастыру керек. Ал 30 қарашада «Тамаша» сауда-ойын сауық орталығындағы шыршада өзгеше әшекейлер: осы балалардың фотосуреттері мен олардың тілектері жазылған ойыншықтар пайда болмақ. Кез келген ниет білдіруші өзін сиқыршы ретінде байқап көріп, сәбидің армандаған ойыншығы мен қажетті затын сатып әперіп, сәби тілегінің орындалуына көмектесе алады. Желтоқсанның ортасына қарай балаларға ертегі кейіпкерлері – Аяз ата мен Қарша қыз барып, оларға сыйлықтарын табыс етеді.
Еріктілерге бірінші кезеңнен бастап көмек қажет болады. Олар балалардың барлығын өздері аяқтай түгел аралап шыға алмайды. Бұған қосымша көлік керек: көптеген балалар қала маңында, жеке секторда тұрады. Шырша әшекейлерін дайындау кезінде де шығармашылық тәсіл, қиял және шебер қолдар қажет. Өзге күйге ене алатын әртіс жандар өздерін кез-келген балалар тілегін орындайтын сиқыршылар ретінде байқап көре алады.
Ұйымдастырушылардың байланыс деректерін әлеуметтік желілерден таба аласыздар. Бірігіңіздер!
Зульфия ИСКАЛИЕВА