
Павлодар облысының полициясы «Aqtogai Milk» ЖШС сүт фермасының аумағындағы канализация құдығында алты адамның қаза болғаны туралы іс бойынша үш күдіктіні ұстады. Олардың барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Орда.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қазір оқиғаның барлық себептері мен мән-жайларын анықтау үшін кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Оқиға қалай болды?
Қайғылы оқиға шілде айының соңында сүт-тауарлы фермасының аумағында орын алған. Канализация құдығын тазалау кезінде оқиға орнында алты адам қаза тапты: 1963, 1975, 1983, 1998, 2006 жылы туған ер адамдар және 2009 жылы туған 16 жастағы жасөспірім. Тағы бір зардап шегуші ауыр жағдайда ауруханаға түсті.
Ауыл шаруашылығы кәсіпорны Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Александр Терентьевке тиесілі. Бұған дейін ол марқұмдардың жақындарына көңіл айтып, компания олардың отбасыларына материалдық көмек көрсететініне уәде берген болатын.
В Атырау +33.1