- Мен бір мекемеде 3 ай жүктілік мерзімімде биылғы ақпан айында өз еркіммен жұмыстан шығып кетіп едім. Онда небары 6 ай ғана жұмыс істедім. Содан бері екі ай өтті. Төлем орталығына 3 ай бойы ғана зейнетақы есепшотыма ақша түсіп тұрды. Декреттік демалысым мамыр айында бітеді. Маған бұл жағдайда декреттік жәрдемақы қалай төленеді? Ол үшін қандай құжаттарды және оларды қайда тапсыруым қажет?
Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының Атырау облыстық филиалының заңгері Рысты ҚАЛИЕВА:
- Сіз 3 ай жүктілік мерзімінде, яғни жүктілігіңізге байланысты демалысқа шықпастан бұрын жұмыстан шығып кеткенсіз. Сондықтан да, сіз жұмыстан шығып кеткен жағдайда, егер де тағы басқа жерде жұмыс жасамасаңыз ешқандай да жүктілігіңізге және босануыңызға байланысты жәрдемақы төленбейді. Себебі, бұл жәрдемақы тек жұмыс жасап жүрген мезгілде жүктілігіне және босануына байланысты еңбекке жарамсыздық парағы беріліп, осы параққа сәйкес, жұмыс орнынан жүктілігіне және босануына байланысты демалысқа шыққан әйелдерге ғана мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (зейнетақы қорынан басқа) әлеуметтік аударымдарына қарай әлеуметтік жәрдемақы төленеді.