1 қарашада облыстық әкімдік алдындағы алаңда әмбебап полицейлер гарнизоны алғаш рет саптық байқау өткізді.
Бұл жерде автокөліктердің колоннасы мен жол-патрульдік қызмет экипаждары сап түзеп тұрды. Халық арасында «әмбебап полицейлер» деп аталатын қызметкерлер ресми түрде осылай аталады. Олардың алдындаІІД басшысының орынбасары Нұрым ОРАЗБАЕВ сөз сөйлеп, себепсіз, құжаттарды тексеру үшін жүргізушілерді тоқтатпауға нұсқау берді. Ол үшін полицейлерде салмақты себеп болуы тиіс: көлік құралына бағдардың болуы немесе жедел басқару орталығынан жүргізушінің жол-көлік ережесін өрескел бұзғандығы туралы дабыл түсуі керек.
Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жәнібек ШӘРІПОВ.Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жәнібек ШӘРІПОВТІҢ айтуынша, облыс орталығында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ететін жол-патрульдік полиция батальонының құрамында 229 қызметкер бар. Бұдан басқа, республикалық маңыздағы тас жолдарға қызмет көрсететін рота (122 қызметкер) да құрылды. Жылыой және Мақат АІІБ-де әрқайсысында 53 қызметкерден тұратын өз роталары бар. Ал басқа аудандарда арнайы топтар мен бөлімшелер жасақталған. Облыстық жол-патрульдік полициясының арсеналында 105 көлік бірлігі бар, Атырау қаласына 33 автопатруль қызмет көрсетеді. Әр машина өз маршруты бойынша 11 км радиуста жүрмек және біраз уақытқа аялдап тоқталуы тиіс белгілі бір бақылау нүктелері болады. Экипаждың қызметтік міндетіне қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қорғауды қамту кіреді. Экипажда үш адамнан болады, олардың бірі жол полициясының бұрынғы қызметкері, екеуі – патрульдік-пост қызметінің бұрынғы қызметкері. Қарбалас уақытта, жол кептелісі орын алған кезде бұрынғы жол полициясы қызметкері қозғалысты реттеумен айналысып, экипаждың қалған мүшелері өз бағыты бойынша қозғалысты жалғастыратын болады. Экипаж екі ауысыммен жұмыс істейді.
– Автокөліктерде бейнетіркеуіштер бар. Егер бұрын жол полициясы тек жол қиылыстарында ғана тұрған болса, енді экипаж қозғалыс ағымындағы бүкіл жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркеп отырады. Жүргізушінің өрескел ереже бұзғандығы анықталған кезде, арнайы дыбыс құрылғысы (СГУ) арқылы белгілі бір нөмірлі машинаның оң жаққа қарай қозғалып, тоқтауы керектігін хабарлайды. Полицей жүргізушіге қандай себеппен тоқтатқандығын түсіндіреді. Қажет болған жағдайда әкімшілік материал толтырады, - дейді Ж. Шәріпов. – Қалада бүгінде 200-ден астам бейнебақылау камералары орнатылған, алайда бұл жеткіліксіз. Біз облыс басшылығына бейнетіркегіштер, бейнекамералар мен жылдамдық өлшегіштер сатып алуға қосымша қаржы бөлу өтінішімен шықтық.
Жаңа қызмет үшін қызметкерлер іріктеумен сегіз адамнан тұратын (әкімшілік полиция басқармасы бастығының өзі, ішкі қауіпсіздік қызметінің бастығы, кадрлар басқармасының бастығы және т.б.) арнайы комиссия айналысты. Қайта құрылуға байланысты көптеген жол полициясы қызметкерлерінің жұмыстан кету туралы рапорт бергендігі рас па деген журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Ж. Шәріпов бірнеше қызметкердің еңбек сіңірген жылдарына байланысты жұмыстан босатылғандығын атап өтті. Жаңа қызметтің біліктілік талаптарына сай келмеген бірқатар қызметкерлер басқа қызметтерге (уақытша ұстау изоляторына, конвойлық қызметке және т.б.) ауыстырылды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ