Атырау, 3 тамыз 13:52
 дождьВ Атырау +29.2
$ 473.59
€ 544.68
₽ 5.94

«Мирас» тұрғындары әкім Шәкір Кейкінге су басу, жолдар және автобус мәселелерін жеткізді

Сурет
104 рет қаралды

«Мирас» шағын ауданының тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді жергілікті билікке жеткізу үшін жиналды. 

31 шілде күні №36 мектеп-гимназиясының акт залында өткен кездесуге қала әкімі Шәкір Кейкін бастаған жергілікті атқарушы орган өкілдері мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.

Тұрғындардың көтерген басты мәселесі – кәріз жүйесінің әлі күнге дейін шешілмеуі. Олардың айтуынша, жаңбыр жауған сайын көше мен аулаларды су басады.

Шағын аудан тұрғындары бірнеше жылдан бері кәріз суын тазарту қондырғысын салуды сұрап келеді. Сондай-ақ олар Мұңайтпасов көшесінен Қарасай батыр көшесіне дейінгі аралықтағы кәріз желілерін салу жобасының қашан аяқталатынын сұрады.

Тұрғындар кәріз желісімен бірге осы аумақта дренаж жүйесін орнатуды, жаңбыр суын ағызатын арналар салуды немесе жер асты суының деңгейін төмендетуге арналған иглофильтр жобасын енгізуді талап етті.

Мирас шағын ауданының тұрғыны Зәуреш Иманғужинаның айтуынша, бұл кездесуді тұрғындардың өздері ұйымдастырған.

– Қала әкімін көп айдан бері шақырып келеміз. Жаңбыр жауса, гаражымыз суға толады. Соңғы үш күндік жаңбыр кезінде де дәл солай болды. Бізге дренаж немесе иглофильтр жобасы қажет. Тротуар жоқ. Басталған жұмыстар аяқсыз қалды. Кездесуде шенеуніктер оларды тамыз айының соңына дейін аяқтаймыз деді. Осы мәселелерді айтып, «Аmanat» партиясына да барғанбыз. Бірақ нәтиже болмады, – дейді З.Иманғужина.

Шағынаудан тұрғыны Абай Қаженовтің айтуынша, ол бұл ауданға 2005 жылы көшіп келген. Оның айтуынша, жер асты суының деңгейі 2015 жылдан бастап көтеріле бастаған. Бұған дейін мұндай мәселе болмағанын көршілері де растаған.

– Қазір шағын ауданда мыңнан астам тұрғын бар. Халық саны көбейді. Бірақ септигін бетондағандар санаулы ғана. Жаңбыр жауса болды, ауланы су басады. Сырттағы су үйге дейін кіреді. Балалар таңертең сыртқа шыға алмай қалады. Жаңбыр жауған сайын вакуум техникасына 66 мың теңге төлеймін. Соңғы жаңбырдан кейін ауласындағы суды шығару үшін вакуум техникасын сегіз рет шақырдым. Ал септикті тазарту үшін ай сайын екі рет техника шақырып, оған 22 мың теңге жұмсаймын. Мұны біреудің қалтасы көтереді, біреудікі көтермейді, – дейді тұрғын.

Тұрғындардың пікірінше, мәселенің бір себебі – жаңа қоныстанушылардың септиктерді талапқа сай бетондамауы. Олар кәріз суын тазарту қондырғысының құрылысы аяқталса, мәселе де шешімі табады деп есептейді. 

Кездесуде жауапты мамандар оның құрылысы биылғы қазан–қараша айларында аяқталатынын айтты. Қала әкімдігінің ақпаратына сәйкес, «Геолог» және «Мирас» шағын аудандарында кәріз желілерін салу жобасы аяқталғаннан кейін 8 мыңнан астам тұрғын орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады.

Сонымен қатар Мирас шағын ауданының қалған бөлігі мен Томарлы ауылында жалпы ұзындығы 42,7 шақырым кәріз желісін салуға арналған жобалау-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамаға ұсынылған.

«Мирас» шағын ауданының тұрғындары тек су басу ғана емес, басқа да мәселелерді көтерді. Тұрғындардың айтуынша, Мұңайтпасов көшесінен Қарасай батыр көшесіне дейінгі бөлікте тротуар мүлде жоқ. Сонымен қатар тұрғындар ауданның басқа көшелерінде 4–5 жылдан бері салынып жатқан тротуарлардың сапасына да шағымданды.

Тұрғындардың айтуынша, шағын ауданда әлі күнге дейін бірде-бір жабдықталған автобус аялдамасы жоқ. Сол себепті қоғамдық көлікке жолаушылар ойлы-шұңқырлы жерде мініп-түсуге мәжбүр болып отыр.

Бұл мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқанымен, шешімін таппай отыр. Жергілікті халық аялдамалардың салынуын қаланың инфрақұрылымын жақсартудың маңызды бөлігі деп санайды.

– Автобус саны да аз. Әсіресе 58А және 58Б бағыттарындағы қоғамдық көліктердің санын көбейтуді талап етеміз. Тұрғындар кейде сағаттап автобус күтеді. Әкім екі жыл бұрын бұл мәселені шешуге уәде берген еді, бірақ ол орындалмады. Көлік көп жүретін көшелерде жаяу жүргіншілер өткелінің белгілері де жетіспейді. Мысалы, «Алтынай» дүкені маңындағы қиылыста мұндай белгі өте қажет, – дейді тұрғындар.

Бұдан бөлек, олар ауданды көгалдандыруға көңіл бөлуді сұрады. Сондай-ақ интернеттің жылдамдығының төмендігіне шағымданып, шағын ауданды толықтай талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосуды ұсынды.

– Астана және Мұсаев көшелеріндегі жаңартылған балалар ойын алаңында спорт алаңы бірге орналастырылған. Соның салдарынан ойын алаңы тым тар. Кешкі уақытта балаларға ойнауға орын жетпейді, – деді тұрғындар.

Кездесу кезінде көтерілген өзге мәселелер бойынша әкімдік олардың ұсыныстары ескерілетінін мәлімдеді.

Айнұр САПАРОВА

Суреттерді түсірген автор

Бүгін, 13:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.