24 қазан күні Ш.Сариев атындағы көркемурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде мүмкіндігі шектеулі балалардың «Жан жылуы» атты облыстық байқау көрмесі өткізілді.
Байқау бейнелеу өнері және қолданбалы-сәндік өнер номинациялары бойынша өткізілді. Көрмеге Атырау қаласымен қатар облыс аудандарынан барлығы 73 оқушының 84 жұмысы қойылды. Көркемсурет студиясының оқытушысы Рүстем ҚАБДЕШОВ төрағалық еткен қазылар алқасына жұмыстарды (суреттер мен ағаштан, қағаздан, матадан жасалған бұйымдар) саралау оңайға түспеді.
Байқау қорытындысында бейнелеу өнері бойынша 1-орынды Қызылқоға ауданынан келген Бағдат ТОҚАНОВ жеңіп алса, 2-орын құрманғазылық Нұрсұлтан РАПИХОВҚА бұйырды, ал 3-орынды қалалық Альмира РАМАЗАНОВА мен Әдемі ШАМИДОЛЛА қанжығаларына байлады. Ал қолданбалы-сәндік өнер номинациясы бойынша 1-орын Атырау қаласынан Елена БУДАРИНАҒА бұйырса, 2-орынды махамбеттік Шынар ҚАЙЫРЖАНОВА, ал 3-орынды қалалық Жастілек НҰРДӘУЛЕТ пен Мақат ауданынан келген Әйгерім НАМАШЕВА жеңіп алды. Барлық жеңімпаздар дипломдармен және ұялы телефондармен марапатталса, қалған қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары – жас суретшінің құралдары табыс етілді.
Біз 1-орын иегері Елена Бударинаны әңгімеге тарттық: - Мен бұл шараға бірнеше жұмысымды алып келдім, суретім де, қолөнер бұйымдарым да бар, алдағы уақытта да жұмыстанамын деп уәде беремін, - деп жымиды Лена (суретте). Елена - Лесхоз мөлтек ауданындағы ақыл-ойы дамуы тежелген балаларға арналған интернат үйінің тәрбиеленушісі. Тәрбиешілерінің айтуларынша, интернатта осы оқу жылынан бастап арт-терапия кабинеті жұмыс жасайды екен. Онда балалар оригами, квиллинг жасауды, матамен, түрлі дақылдармен жұмыс істеуді үйренеді. Олардың барлығы да баланың моторикалық дамуына үлкен септігін тигізеді.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген автор