Жылу батарейінің секциясына кіріп кеткен қолды қалай шығарып алуға болады? Ішіп келген күйеуін үйге кіргізгісі келмеген ашу үстіндегі әйелді қалай көндіруге болады? Егер қызу өлшегіш сынып қалса, не істеу керек? Өз-өзіне қол жұмсамақ болған жан балконнан секірмес үшін оны қалай тоқтатуға болады? Ағаш басында үш күн бойына мияулап тұрған мысықты қалай түсіреміз? Осы сұрақтардың барлығына жауапты Атырау облысы бойынша Өңірлік аэромобильдік жедел-құтқару жасағының қызметкерлері жақсы біледі. Жақында жігіттер өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтті. Құтқарушылар соңғы бір-екі айда орын алған бірнеше хикаяны айтып берген еді.
ҚОЛЫ БАТАРЕЙДЕ ҚАЛЫП ҚОЙҒАН
– Жақында қолын радиаторға сұғып алып, шығара алмаған бүлдіршінге көмектесуге тура келді, - деп әңгімелейдіжедел жұмыс жөніндегі аэромобиль жасағы басшысының орынбасары Асқар БЕКЕНОВ. –Алдымен қолын бүкіл отбасы шығарып алмақ болыпты. Одан түк шықпаған соң, бізге хабарласқан. Балақайдың өзі тұрбаға қолайсыз күйде килігіп қалыпты. Қазір суреттеудің өзі қиын, бірақ балақайды босатып алу үшін бізге оның аяғын жоғары қаратқан күйде жұмыстануға тура келді...
ЖҮРГІЗУШІНІ АРАЛАП АЛДЫ
Жақында ғана Астрахан тас жолында Исатай ауданының Новобогат ауылынан 10 шақырымдай жерде сұмдық көлік апаты болды. «Жигули» жүргізушісі көлікке ие бола алмай, бортты «Урал» көлігі келе жатқан қарсы жолаққа шығып кетіп, қатты жылдамдықпен келе жатқан жүк көлігінің астына кіріп кетті. Жеңіл машинаның екі жолаушысы сол жерде қаза болды.
– Бізді майысып қалған ВАЗ көлігінен тірі қалған жүргізушінішығарып алуға шақырды, - деп еске алады А. Бекенов. - Ол рөл мен отырғыштың арасына қысылып қалыпты. Оны шығару үшін кескіш пышақпен, кеңіткішпен, домкратпен жұмыс істеуге тура келді... Сәл жаңсақ қозғалыс болса, бір адамның өміріне қатер төнер еді. Бағымызға қарай, оны 10 минут ішінде алып шығып, бірден Исатай аудандық орталық ауруханасына жібердік. Ол жерде тағы екі мүрде болатын. Оларды да шығарып алу керек болды...
СОҢҒЫ ДӘЙЕК
2013 жылдың 10 айы ішінде жасақ құтқарушылары стихиялық зілзала, апат нәтижесінде зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсету үшін 330 мәрте шыққан. Осы мерзім ішінде 234 адам құтқарылды, оның 114-і балалар.
Кейде қызметкерлерге жабылып қалған есіктермен және жанжалдасқан жұптармен жұмыс істеуге тура келеді.
– Жақында бізге ішіп келген күйеуін үйге кіргізу үшін әйелді көндіруге тура келді, - деп әңгімелейді жасақ қызметкері, - Жалпы біз адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін шақыртуларға ғана барамыз. Мәселен, ата-аналары сәбилері ішінде қалып қойған үйге кіре алмайды. Бірақ бұл ерекше жағдай еді. Учаскелік инспекторлар, ТЖ қызметкерлері әйелмен сөйлесіп, қудалауға ұшыраған күйеуін пәтерге кіргізуді өтінді. Әйелі көнбеген соң есікті сындырамыз деп қорқытуға тура келді. Есікті ашты. Әрі қарай не болғанын білмейміз, бірақ жанжалды жұпты учаскелік полицияның қолына тапсырдық.
– Ал егер ашпаса, есікті сындырар ма едіңіздер?
– Ондай да жағдай болған...
МЫСЫҚТЫҢ МИЯУЫ
Айына кем дегенде 3-4 рет аэромобиль жасағы жануарларды, көбінесе ағаштардың басына өрмелеп кеткен мысықтарды құтқаруға шығады екен. Алайда Алмагүл ықшамауданындағы зәулім үйлердің тұрбаларының арасында қалып қойған жануарларды құтқару үшін тіпті қабырғаларды сындыруға тура келген.
Кейінірек анықталғандай, мысықтар бесінші қабаттың тұсында қыстырылып қалыпты. Ол жерге қалай барғаны белгісіз. Бірақ өздігінен шыға алмаған. Үш күн бойына оның мияулаған жан дауысы бүкіл ықшамауданды басына көтеріпті. Тұрғындардың шығарып алмақ болған әрекеттерінен түк шықпаған. Сол кезде олар ТЖ қызметінің құтқарушыларын шақырыпты.
– Көрші үйдің қабырғасын, қожайындарының рұқсатымен, сәл ғана перфоратормен бұзуға тура келді. Бейшара мысықтың қорыққан түрін көрсеңіз... Әрине, құтқарып алдық. Бірақ бәрімізді тырнап, қашып кетті, тіпті рахмет те айтқан жоқ, - деп күледі А. Бекенов.
СЕКІРМЕЙ ҚАЛДЫ
Балықшыда батылдық үшін ұрттап алған ер адам төртінші қабаттағы балконның ернеуіне шығып алып, өлемін деп даурығыпты.
– Оның әйелі төменде көшеде тұрған, пәтерге кіре алмапты, өйткені күйеуі ішінен кілттеніп алған екен. Жарты сағаттай біздің қызметкерлеріміз оны секірмеуге үгіттеді. Әрең дегенде көндірдік. Жігіт ойланып, бізді үйге кіргізді. Ал әрі қарай онымен учаскелік полиция жұмыстанды,- деп әңгімелейді құтқарушылар.
… Сынабы бар сынып қалған қызу өлшегіш туралы еске алды. Олар көбінесе, әдетте, күзде сынып қалады екен. Тұмау маусымы екені түсінікті ғой. Бірер апта бұрын болған топырақты дауыл туралы да айтты. Сол кезде қатты дауыл тұрғанда, құтқарушыларға шатыры жаяу жүргіншілердің басына түсіп кету қаупін төндіріп тұрған Атамбаев көшесінің бойындағы үйге өрмелеп шығуға тура келген...
– Сіз кешірерсіз, кетуіміз керек,– деді құтқарушылар әңгімені сыпайы ғана аяқтап. – Шақырту кеп жатыр. Тағы бір нәрсе болған ғой.
Анастасия ПАСТУХОВА