Атырау, 21 желтоқсан 09:47
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Амантай Торғаев: «Менің жігіттерім талайды көрді ғой...»

2 493 просмотра

Үстіміздегі жылы баскетболдан Қазақстанның Жоғары лигасы чемпионатына «Атырау Барыстарының» жақында құрылған «Барыстар-2» фармклубы қатысуда. Команда құрамында 1996 ж.т. 7 жергілікті ойыншылар мен «Атырау Барыстарының» негізгі құрам ойыншысы Қадыржан Ғұбашев өнер көрсетеді. Атырау баскетболының даму тарихы жөнінде облыстың жасөспірімдер құрамасының аға бапкері Амантай ТОРҒАЕВ (суретте) әңгімелейді.

 

«ЖАСҚАНАТТАН» ТҮЛЕП ҰШҚАН

- Мамандығыңыз бойынша авиатор бола тұрып, қалай баскетбол жаттықтырушысы болдыңыз?

Торғаев Амантай Қайрошұлы, 51 жаста, бүкілодақтық турнирлердің бірнеше дүркін жүлдегері, бапкерлік өтілі - 25 жыл.

- Мен Мәскеу түбіндегі Егорьевскіде әуе институтын бітірдім. Оқып жүріп, институттың баскетбол командасында ойнадым. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін Атырау әуежайында жұмыс жасап, «Аэропорт» командасын құрдым. Бұл команда авиация қызметкерлері арасында үш рет Қазақ ССР чемпионы болды. Қазіргі «Атырау Барыстары» баскетбол командасының директоры Болат Мұхамбетқалиев пен«Бейбарыс» хоккей командасының директоры Бұхара Нұрсұлтанов сол кездері әуежайда жұмыс жасады және менің шәкірттерім болды.

Біз төрт рет Алуштаға ведомстволық КСРО чемпионатына барып, бір рет күміс медаль алып, бір рет қола жүлдегер атандық.

2001 жылы мен Болат жәнеСаламат Төлеуовтермен бірлесіп, облыстық баскетбол федерациясын құрдым. Сол жылы «Жасқанат» балалар командасы да құрылды. Мен сол жерде 2004 жылға дейін жұмыс жасадым. Бұл уақытта «Жасқанат» Қазақстан балалар чемпионатының күміс жүлдесін бір рет, қоласын екі рет алды. Бұл команда «Атырау Барыстарының» капитаны Рүстем Төлеуге және қазақстандық белгілі ойыншылар Ахмет Өмірзақ пен Берік Исмаиловтың спорттық өміріне жол ашты. 2009 жылы олар Қазақстан құрамасының сапында Азияның күміс жүлдегерлері атанды.

Осы үштіктің ішінде тек Рүстем ғана жергілікті тұрғын болды. Берікті Тараздан, Ахметті Хромтаудан 9-сынып оқып жүрген кездерінде алып келдік. Біз селекциямен осылай шұғылдандық. «Жасқанаттың» тағы бір ойыншысы Александр Лысяк «Атырау» командасының бас бапкері болып тағайындалды.

Кейіннен мен баскетбол федерациясындағы жұмыстарға кеттім. ОРМБЖСМ-2 жанындағы команданы Манап Қабдиев жаттықтыра бастады. Таң қалмаңыздар, жекпе-жек шебері және ережесіз ұрыс жаттықтырушысы Манап бұрыннан да баскетболды жақсы көреді. Оның арқасында Атырау қаласының командасы 2005 жылы Қазақстан чемпионы болды.

2005 жылы мен Алматыдағы Әуе академиясын бітірдім және әуе вокзалының директоры болып тағайындалдым. Ол жерде 2010 жылға дейін жұмыс жасадым. Үш жыл бұрын спортқа қайтып оралып, 11 жасар мектеп оқушыларынан топ жинадым. Уақыт өте менде 1999, 1998, 1997 ж.т. оқушылардан үш топ жинақталды. Қазір 1999, 1998 ж.т. балаларды ұлым Саламат Торғаев жаттықтырады. Мен өзіме үлкен екі топты қалдырдым.

- Нәтижені көріп отырмыз: 1996 ж.т. жеті жасөспірім Жоғары лигада өнер көрсететін «Барыстар-2» командасының құрамына ілікті...

- Олар Шымкентке бірінші тур ойындарын өткізуге кетті. Бұлар - Рустам Өтеген, Ибрагим Қонысов, Санжар Жексени, Нұрсұлтан Әзербаев, Әділхан Тұрғалиев, Әлішер Төлеуов, Рымбек Сағынғалиев. Ереже бойынша осылардың үздіктері «Атырау Барыстарының» сапында ойнауға мүмкіндік алады.

 

ТӨРЕШІЛЕР КІМДЕР ЕДІ?

- Биылғы 1996, 1997 ж.т. жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында біздің командалар қалай өнер көрсетті?

- Наурыз айында Шу қаласында болған Қазақстанның жастар спартакиадасында олар бесінші орын алды. 2013 жылғы чемпионатқа қатысқан жоқ – дайын емес еді. 9-сынып бітіргеннен кейін көптеген ойыншылар колледжге түсті. Олардың бапкерлері Анатолий Максимович Лысяк басқа жастағы балалардан топ жинады. Өткен жылдың басында олар жиналып, жаттығуларын бастады. Ақпан айында оларды 1996 ж.т. жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты күтіп тұр. Бұл олардың осы санаттағы «қоштасу» ойындары болмақ. Ереже бойынша бұл чемпионат бір турдан тұратын болады. Біз «Барыстар-2» командасының басшылығымен келісімге келдік, олар бізді күшейту үшін негізгі құрамнан  бірнеше ойыншыларын жіберетін болды.

1997 ж.т. жасөспірімдер арасындағы чемпионаттың бірінші турында 6 ойынның 5-інде жеңіске жетіп, үшінші орын алатын мүмкіндік туды. Қола үшін болған матчта біз «Алматы» командасымен кездестік. Ойынға төрелік ету тұрғысынан матч әділетсіз өтті деп есептеймін. Бірінші таймда екі жарым минут ішінде төреші бізге қарсы жеті ескерту жасады, олардың екеуі спортқа тән емес қылығы үшін белгіленген. Команданы алғашқы минуттардан бастап сындырғысы келді. Мен балаларға қарай бұрылдым, олар маған қарады. Олардың көздерінен бәрін түсінгендіктерін оқыдым. Республикалық жарыстарға қатысқан бірнеше жыл ішінде олар мұндайдың талайын көрді ғой...

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

31 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.