Атырау, 10 желтоқсан 01:21
 ашықВ Атырау -7
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Спорт жаңалықтары

2 945 просмотра

Костюм киіп қайтты

Астанада «Спешл Олимпик» ҚБ қолдауымен жүйке-неврологиялық интернат шәкірттері арасында мини-футболдан республикалық турнир өтті.

Жарыстар бірнеше жас топтары арасында өтті. Оған барлығы 11 қаланың командалары қатысты. Атырау атынан Сарайшық интернатының командасы қатысты, олар 22 жастан жоғары топта сынға түсті.

Команда Сарань қаласынан келген қарсыластарын 5:1 есебімен ұтты. Одан кейінгі ойында алаң иелерінен 3:4 есебімен ұтылып қалды. Атыраулық командасы ішінен Эдуард Белезов, Бақтыгерей Сұлтанов және Асылан Бердіғалиев үздіктер деп танылды. Команда кубокпен және спорттық костюмдермен марапатталды.

***

 

«Атырау» өз алаңында жеңіске жетті

27 қазанда «Мұнайшы» стадионында футболдан ел чемпионатының 31-туры аясында «Атырау» және «Тараз» командалары кездесті.

Бұл «Атырау» командасының биылғы маусымда өз алаңында өткізген соңғы матчы болды. Алаң иелер 1:0 есебімен жеңіске жетті. Голды 15-минутта Йован ГОЛИЧ бұрыштама добын ойынға қосқанда баспен соқты.

2 қарашада «Атырау» чемпионаттың соңғы турын оралдық «Ақжайықпен» сырт алаңда өткізеді. Бұл ойын турнир кестесіне еш өзгеріс келтірмейді. Ол чемпионатты 12 команданың ішінен 8-орынмен аяқтайды.

***

 

Көршілерді екі рет жеңді

«Атырау» ДСК-нде Қазақстанның ұлттық баскетбол лигасы чемпионатының аясында облыстық «Атырау Барыстары» командасы ақтаулық «Каспийді» қабылдады.

«Каспий» - «барыстар» үшін басты қарсыластарының бірі. Өткен маусымда ақтаулық команда қола ұтса, атыраулықтар күміс жүлдегер атанған. «Алтын» дәстүр бойынша, «Астанаға» бұйырды.

22 қазанда өткен ойында жерлестеріміз 90:66 есебімен оңай ұтты. «Барыстар» қатарынан Дмитрий Гаврилов нәтижелігімен көзге түсті – 3 айып добы, бес екі ұпайлық, бір үш ұпайлық дәл соққы.

Келесі күні де «барыстар» тағы да жеңіске жетті – 76:66. Алаң иелері ішінен екі айып добы, төрт 2 ұпайлық соққы жасаған Эдгарс Желенис (суретте) пен екі айып добы, бес 2 ұпайлық және екі 3 ұпайлық соққымен Гитис Сирутавич көп ұпай жинады.

***

 

Желаяқ профессор

Астраханда облыс губернаторының кубогына арналған 25-ші ашық жеңіл атлетика жарыстары өтті.

Жүйріктер түрлі жас топтарында 2,5, 5 және 10 шақырым қашықтыққа жүгірді. 50-59 жас аралығында 5 шақырымға жүгіруге қатысқан АМжГИ-дің дене тәрбиесі кафедрасының профессоры Асқар Қазиев (суретте) 3-орын алды. Ардагер дипломмен және ескерткіш кубокпен марапатталды.

***

 

 

 

Жүз пайыздық нәтиже

«Қайсар» дәстүрлі карате және тай боксы спорттық клубының екі шәкірті Ялтада өткен муай-тайдан Әлем кубогынан «алтынмен» оралды.

Жарыстарға бұрынғы КСРО-ның 7 республикасынан үздік спортшылар қатысты. Командалық есепте 1-орын алған Қазақстан құрамасының сапында екі қайсарлық өнер көрсетіп, үздік атанды: 54 келіге дейін салмақта Ищан Галиев пен 60 келіге дейін салмақта Дидар Болатов алтыннан алқа тағынды.

«Қайсар» спорт клубының спортшылары мен бапкерлері жарысқа бару сапарын қаржыландырған облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасына алғыс айтады.

***

 

 

Астаналық салмақпен алды 

Ақтауда Маңғыстау облысының құрылғанына 40 жыл және Ақтаудың салынғанына 50 жыл болуына арналған армрестлингтен ашық турнир өтті.

Жарысқа алаң иелерімен қатар Астана, Алматы, Атырау, Ақтөбе және Орал қалаларынан келген спортшылар қатысты. 85 келіге дейін салмақта атыраулық атлет, 2013 жылғы Азия чемпионы Александр Максин жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, Александр абсолюттік салмақ санатында да 1-орын алды. 85 келіден жоғары салмақта жерлесіміз Дмитрий Акунишников финалға дейін жетіп, ақтық сында өзінен 35 келі ауыр салмақтағы астаналық Роман Кушьяловтан ұтылып қалды.

Спортшылар турнир сапарын қаржыландырған облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасына алғыс айтады.

***

 

Алаңда - ардагерлер

СМП-136 ықшам ауданындағы спорт алаңында ҚР Еңбек сіңірген құрылысшы А.П. Казанскийді еске алуға арналған мини-футболдан 9-шы қалааралық турнир өтті.

Ақтық сайыста «Аэропорт» пен «Болат» кездесті. Соңғы минуттарға дейін авиаторлар 3:0 есебімен ұтып жатқан. Алайда ойынның соңына таман болаттықтар белсенді ойын өрнегін көрсетіп, 2 гол соға алды. Қорытынды есеп – 3:2, «Аэропорттың» пайдасында. 3-орын үшін болған матчта «Строитель УС-99» «Доссорды» 3:0 есебімен ұтты.

Турнирдің үздік ойыншылары: қақпашы Ербол Шалабаев, қорғаушы Мырзағали Қабдолов, шабуылшылар Аманқос Назаров (7 гол) және Арыстан Исмағұлов (5 гол).

Жарыстан соң «Строитель УС-99» командасы Қазақстан халықтары ассамблеясының мүшесі Владимир Заверкиннің 60-жылдығына арнап, Атырау қаласы футболының ардагерлері командасымен жолдастық кездесу өткізді.Ойын 4:4 есебімен тең аяқталды. Мерей той иесінің атынан Атырау футболының ардагерлері Роман Тхоирович Ли, Юсуп Якубович Закирьяев және Қанат Меңдешұлы Галямов арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

31 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.