Атырау, 21 шілде 17:08
 дождьВ Атырау +32.3
$ 470.28
€ 537.53
₽ 5.99

Қазақстанда Li Auto, OMODA және JAECOO маркалы автомобильдер өндірісін​ дамыту көзделіп отыр

100 рет қаралды
ЖИ көмегімен жасалған сурет
ЖИ көмегімен жасалған сурет

Қазақстанда шығарылатын көліктер желісі кеңейтіліп, автозауыттарда жасанды интеллект технологиялары белсенді енгізіле бастайды.

Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта елімізде жеңіл автомобильдер, автобустар, жүк және арнайы техника шығаратын 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылы салада жаңа өндірістік қуаттар іске қосылды.

Атап айтқанда, жалпы инвестиция көлемі 346 млрд теңгеден асатын KIA Qazaqstan және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan сияқты екі ірі зауыт ашылды.

2028 жылға дейін жеңіл және коммерциялық автокөлік өндірісін кеңейту бойынша жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысының Қытайға сапары аясында автомобиль жасау саласында бірқатар маңызды келісімге қол жеткізілді. Атап айтқанда, Li Auto, OMODA және JAECOO маркалы автомобильдер өндірісін, SITRAK пилотсыз жүк тартқыштарды шығаруды және BYD компаниясымен бірлесіп жоғары жылдамдықты зарядтау стансалары желісін дамыту көзделіп отыр. 

Қазақстандық көлік зауыттарында жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары жүргізілуде. Министрдің айтуынша, қауіпсіздікті жедел басқаруға арналған жасанды интеллектке негізделген ахуалдық орталық іске қосылды. Интеллектуалды платформа бейнекамералардан, датчиктерден және ақпараттық жүйелерден келіп түсетін деректерді талдап, тәуекелдерді, төтенше жағдайларды және ауытқуларды жедел анықтап, оларды уақтылы жоюға мүмкіндік береді

Қазақстанда отандық қамтуды арттыруға баса назар аудара отырып, автобөлшектер өндірісін дамыту жандандырылып жатыр. 

Министрдің айтуынша, бүгінде бұл бағыт қарқынды дамып келеді. Отандық кәсіпорындар шиналар, қозғалтқыш бөлшектері, аккумуляторлар, автобусқа арналған металл бөлшектер, орындықтар мен мультимедиялық жүйелер шығаруды игерді.

Одан бөлек, бамперлер, электр сымдары, доңғалақ дискілері және лак-бояу материалдарын шығаратын жаңа жобалар іске асырылуда. Осы бағытты дамыту үшін машина жасау және көлік мәселелері бойынша заң қабылданып, онда «өнеркәсіптік кластер» ұғымы енгізілді. Қазіргі уақытта ең ірі өнеркәсіптік кластерлер Қостанай, Саран және Алматы қалаларында қалыптасқан. 

Сондай-ақ министрдің айтуынша, Қазақстанда автомобиль жасау саласында жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 10 мың адамнан асады.

Соңғы бес жылда салаға 457 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Өткен жылы 171 мыңнан астам автокөлік шығарылып, өндіріс көлемі 18%-ға артқанын айтып отыр министр.

Оның айтуынша бұл оң динамика биыл да сақталуда. Осы жылдың алты айында 94 400 көлік шығарылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 35%-ға жоғары. Биылғы жоспар – өндіріс көлемін 11%-ға арттырып, 190 мың көлік шығару.

Саланың одан әрі дамуы инженерлік әлеует пен білікті кадрларға тікелей байланысты. Осы мақсатта кәсіпорындар инженерлік құзыреттерді дамытуға, кадрлық резерв қалыптастыруға және жаңа буын мамандарын даярлауға жүйелі түрде инвестиция салуда. Бұл жұмыс жоғары оқу орындары және колледждермен бірлесіп, дуальды оқыту бағдарламасы арқылы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар өңірлерге мамандарды тарту үшін еңбек жағдайы мен әлеуметтік қолдау күшеюде. Корпоративтік кампустар мен жатақханалар салынып, жұмысшы мамандықтары жылы аясында “Наурыз жұмыскер” тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды.

Бүгін, 10:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.