
Қаскелеңде жаңа туған үшемнің шетінеп кетуіне байланысты оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр.
КТК телеарнасының мәліметінше, 28 жастағы әйел жүктіліктің алтыншы айында үш ұлды дүниеге әкелген. Туыстарының айтуынша, нәрестелердің екеуі бірден шетінеп кеткен, ал үшінші сәбидің қайтыс болғанын әкесі кейінірек білген.
Отбасының сөзінше, босанушыға кесарь тілігін жасау ұсынылғанымен, кейін ол табиғи жолмен босанған. Сондай-ақ жақындары балалардың өлім себебі түсіндірілмегенін айтып, оқиғаға жан-жақты тергеу жүргізуді талап етуде.
Ал ауруханада дәрігерлердің барлық әрекеті медициналық хаттамаға сәйкес жүргізілгенін мәлімдеді. Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, әйел шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген, ал нәрестелер жүктіліктің 25-аптасында дүниеге келген.
Дәрігерлердің айтуынша, мұндай мерзімде үшемді дүниеге әкелу – аса ауыр жағдай. Олар жаңа туған сәбилердің салмағы өте төмен болғанын, сондай-ақ өкпе мен орталық жүйке жүйесін қоса алғанда, өмірлік маңызды ағзалары әлі толық қалыптаспағанын атап өтті.
Туыстары полицияға арыз жазғандарын хабарлады. Олар қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы ресми түрде анықталғанын қалайды.
В Атырау +32.3