
Мария Склодовская-Кюри бейнесі жаңа 20 еуролық банкнотта пайда болуы мүмкін. Бірақ Польша мен Франция оның есімін жазу тәсіліне қатысты келісе алмай отыр, деп хабарлайды Евронью́с.
Еуропалық орталық банк (ЕОБ) жаңа банкнот дизайнын әзірлеуді соңғы кезеңге жеткізді. Қоғамдық пікір мен қазылар қолдаған екі тақырып: «Еуропалық мәдениет» және «Өзендер мен құстар» финалға шықты. Соңғы шешім 2026 жылы қабылданады.
«Еуропалық мәдениет» тақырыбы аясында ЕОБ Мария Склодовская-Кюриді таңдады. Ол екі мәрте Нобель сыйлығының лауреаты (физика – 1903 ж., химия – 1911 ж.), радиоактивтілікті ашқан ғалым. Жаңа банкнотта ол дәріс оқып тұрған әйел ретінде бейнеленбек.
Алайда ЕОБ ұсынған жазба нұсқасы – Marie Curie (Skłodowska) – Польшада наразылық туғызды.
Поляктар оның поляк есімін толық көрсету маңызды екенін, әйтпесе елдің үлесі ескерілмей қалатынын айтады. Бұған қоса, басқа тарихи тұлғалардың есімдері еш өзгеріссіз сақталғанын мысалға келтіреді.
Мария Склодовская 1867 жылы Варшауда дүниеге келген. Парижге көшкеннен кейін халықаралық ғылыми мансабын бастады. Ол әр кезеңде фамилиясының түрлі нұсқаларын қолданған: күйеуімен бірге жүргенде – Склодовская-Кюри, кейін – М. Кюри.
Жаңа банкноттар бірнеше жылдан кейін айналымға енгізіледі. ЕОБ өкілдері есімнің жазылуында тарихи және лингвистикалық деректерді ескеретінін айтты.
Поляктар үшін бұл бейне таныс: Склодовская-Кюри бұрын 20 000 злотыйлық банкнотта бейнеленген.
Бұл дау тек есім жазу мәселесі емес, ғылымдағы әйелдердің рөлі мен олардың қоғамдағы көрінісі туралы кеңірек пікірталастың бөлігі. Көптеген еуропалықтар үшін жаңа банкнот ғалым әйелдің еңбегін мойындаудың және Еуропаның ортақ мәдени мұрасын бағалаудың символына айналмақ.
В Атырау +24