
Еуропалық комиссия қытайлық AliExpress онлайн-маркетплейсіне заңсыз, қауіпті және контрафакт өнімдерді сатуға байланысты жеткілікті шара қабылдамағаны үшін 550 млн еуро айыппұл салды, деп хабарлайды Евронью́с.
Бұл шешім ЕО-ның Temu мен Shein сияқты қытайлық платформаларға бақылауды күшейтіп, импорттық баждарды арттырғаннан кейін қабылданды. Жақында 150 еуродан төмен бағамен келген сәлемдемелерге 3 еуро көлемінде тұрақты баж енгізілді.
Тексеру барысында AliExpress заңсыз тауарларды анықтап, жоюға тиімді жүйе құрмағаны, модераторлар саны мен жұмыс көлемі арасында үлкен алшақтық бар екені анықталды. Кейбір сатушылар өнімді әдейі қате классификациялап, жеңілдетілген ережелерді пайдаланып отырған.
Комиссияның дерегінше, қауіпті ойыншықтар мен косметика сияқты заңсыз тауарлар платформада ұзақ уақыт сатылымда болған. Сондай-ақ AliExpress санкциялар жүйесін дұрыс қолданбаған, заңсыз өнім сататын дүкендерге жұмысын жалғастыруға мүмкіндік берген.
Брендтерді авторизациялау жүйесі де тиімсіз деп танылды: сатушылар қорғау механизмдерін айналып өтіп, жалған өнімдерді орналастыра алған.
AliExpress 2026 жылғы 20 қазанға дейін жағдайды түзету жоспарын ұсынуы тиіс. ЕО атқарушы органы жоспарды қарап, қосымша шара қажет пе екенін шешеді.
Компания өз кезегінде айыппұлды әділетсіз деп санайтынын мәлімдеді: «Біз бұл шешіммен келіспейміз. Айыппұл біздің бар жүйемізді және соңғы жылдары енгізген елеулі жақсартуларды дұрыс көрсетпейді», – делінген AliExpress-тің ресми жауабында.
В Атырау +24