
Ресейдегі Wildberries логистикалық орталықтарына жасалған жаппай дрон шабуылдары қазақстандық сатып алушылар мен кәсіпкерлер арасында үлкен алаңдаушылық туғызды. Бұл төтенше жағдайлардың тауар жеткізуге әсері бар-жоғын білу үшін Tengrinews.kz компанияның баспасөз қызметіне хабарласты.
Еске сала кетейік, 20 шілдеге қараған түні Мәскеу түбіне ірі ҰҰА шабуылы жасалып, «Коледино» логистикалық хабына соққы тиген болатын. Бұған дейін, 18 шілдеде Электросталь мен Котовскідегі қоймаларға жасалған шабуылдардан сегіз адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алған еді.
Қоймалар жұмыс істеп тұр, логистика қайта құрылды
Wildberries баспасөз қызметі Колединодағы қоймада шұғыл эвакуация жүргізілгенін ресми түрде растады, алайда қазір жағдай толық бақылауда.
«Коледино қойма кешенінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында эвакуация жүргізілді, адамдар жұмыс орындарына қайта оралды. Логистикалық кешен штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Компанияның барлық негізгі процестері іркіліссіз жүзеге асырылуда, ал қираған жер ауқымды болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды», — деп хабарлады маркетплейстен.
Компания басшысы Татьяна Ким де Қазақстанға жеткізілетін таураларда ешқандай іркіліс болмайтынына сендірді. Логистикалық тізбек шұғыл түрде қайта құрылды: аман қалған тауарлардың барлығы уақытылы жеткізіледі, ал зақымдалған нысандарда болған өнімдер қор толыққанша қосымшаның витринасынан уақытша алынып тасталды.
Қазақстандық сатушыларға қандай қолдау көрсетіледі?
Бизнесі осы платформамен байланысты кәсіпкерлер үшін маркетплейс дағдарысқа қарсы арнайы шаралар пакетін іске қосады. Қазақстандық селлерлер мынадай елеулі жеңілдіктерге ие бола алады:
Тауар жеткізілгеннен кейін баламалы қоймаларда 45 күн мерзімге сақтау ақысына жеңілдіктер енгізіледі;
Компанияның өңірлік қоймаларына кез келген транзиттік жеткізілімдер үшін ақы толықтай жойылады.
«Қолдау шаралары қазірдің өзінде іске қосылуда, олар барлық селлерлерге қатысты. Қазақстандық серіктестер бойынша қазіргі уақытта жағдайды нақты бағалау жұмыстары жүріп жатыр, оны 30 күн ішінде аяқтау жоспарланған. Барлық өзекті ақпарат сатушылар порталы мен техникалық қолдау қызметінде қолжетімді», — деп толықтырды Wildberries өкілдері.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі не дейді?
Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі Ресей қоймаларындағы блэкауттан отандық бизнес іс жүзінде зардап шекпегенін хабарлады.
«Ресейдегі Wildberries қоймаларында болған соңғы оқиғаларға байланысты қазақстандық кәсіпкерлерден бізге ешқандай өтініш немесе шағым түскен жоқ. Зардап шеккен нысандарда біздің бизнесмендеріміз болған емес. Дегенмен, біз маркетплейстің Қазақстандағы өкілдігімен үнемі тікелей байланыста отырмыз», — деп түсіндірді ведомстводан.
В Атырау +24