
Қазақстанда орман өрттерін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 20 шілдедегі жағдай бойынша ел аумағында 19 орман өрті тіркелген. Өрт ошақтары «Семей орманы», «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваттары мен «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында анықталды.
20 шілде күні сағат 14:22-де «Семей орманы» МОТР Семей филиалы Пригородное орманшылығының 55 және 65-тоқсандарында екі орман өрті тіркелді. Хабарлама түскен бойда өртті сөндіру жұмыстары басталып кетті. Қазіргі уақытта тілсіз жауды оқшаулау және толықтай жою шаралары жүргізіліп жатыр.
Өртті сөндіруге «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің тікұшағы, «Семей орманының» 6 автоцистернасы, 3 тракторы және 20 орман күзеті қызметкері, ТЖМ бөлімшелерінің 6 техникасы мен 17 жеке құрамы жұмылдырылды.
Сонымен қатар, қосымша күш ретінде оқиға орнына «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің Ми-8 тікұшағы жіберілді.
Алдын ала мәліметтер бойынша, әр өрт ошағының аумағы шамамен 2 гектарды құрайды. Өрт қарағайлы орманда тіркелген. Өрттің сипаты — жоғары қарқынды төменгі өрт. Апаттың шығуына найзағай разряды себеп болды деген болжам бар.
Экология министрлігі оттың одан әрі таралуына жол бермеу үшін барлық қажетті күштер мен құралдар тартылғанын мәлімдеді. Жағдай ведомствоның тұрақты бақылауында.
В Атырау +24