
Атырауда талапкерлер үшін негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталып, қорытынды нәтижелері жарияланды.
Биыл Атырау облысында 8,6 мыңнан астам талапкер тестілеуден өтті. Олардың 75%-ы қазақ тілінде, 25%-ы орыс тілінде, ал 10 талапкер ағылшын тілінде тест тапсырды.
Биыл өзгерген ережеге сай, талапкерлерге ҰБТ-ны екі рет тапсырып, мемлекеттік білім беру гранты конкурсына ең жоғары нәтижесімен қатысу мүмкіндігі берілді. Соның нәтижесінде 8,6 мыңнан астам талапкер тестілеуді жалпы 16 мың рет тапсырды. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттілігі бар 25 талапкерге тестілеуден өтуге қажетті жағдай жасалды.
Тестілеу қорытындысы бойынша 6,2 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады. Бұл – тест тапсырғандардың 71%-ын құрайды. Бес пән бойынша орташа көрсеткіш 66 балл болса, ең жоғары нәтиже – 138 балл.
«ҰБТ барысында 21 оқушының ереже бұзғаны анықталды. Оның ішінде 7 талапкер смартфон, шпаргалка және өзге де тыйым салынған заттарды алып кіруге әрекеттенгені үшін тестілеуге жіберілмеді. Ал 14 талапкер тест барысында ережені бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды», - деп хабарлады Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Айта кетейік, ҰБТ аяқталғаннан кейін тестілеудің бейнежазбалары биылғы 31 қазанға дейін қайта тексеріледі. Осы кезеңде тыйым салынған заттарды пайдалану немесе өзге де ереже бұзу фактілері анықталған жағдайда талапкерлердің тест нәтижелері жарамсыз деп танылатынын атап өтті сала мамандары.
В Атырау +31.2