Атырау, 17 шілде 15:46
 дождьВ Атырау +32
$ 472.34
€ 541.25
₽ 6.01

Балқашта үздік металлургтер марапатталды

Сурет
60 рет қаралды

Балқашта Металлург күніне арналған салтанатты шара өтіп, сала үздіктері марапатталды.

Бұл кәсіби мереке қала үшін маңызды оқиғалардың бірі саналады. Бүгінде Балқашта металлургия саласында алты мыңнан астам тұрғын еңбек етеді. Олардың арасында бірнеше буын бойы осы кәсіпті жалғастырып келе жатқан еңбек әулеттері де бар.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша Балқаш мыс балқыту зауытында 96 мың тоннадан астам катодты мыс өндірілді.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, металлургтердің өңір экономикасына қосып отырған үлесін атап өтті.

Оның айтуынша, өткен жылы Қарағанды облысындағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,3 трлн теңгеден асқан. Оның шамамен 3,8 трлн теңгесі өңдеу өнеркәсібінің үлесіне тиесілі.

Өңір басшысы металлургия кәсіпорындарында заманауи технологиялар енгізіліп, экологиялық стандарттар күшейтіліп, жаңа өндірістік жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтты. Сонымен қатар саланың басты құндылығы адам екенін ерекше атап өтті.


Салтанатты шара барысында үздік қызметкерлерге «Еңбек Даңқы», «Құрметті металлург» төсбелгілері мен «Еңбек ардагері» медальдары табысталды.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі 2026 жылы Балқаш мыс балқыту зауытында ауқымды күрделі жөндеу бағдарламасы іске асырылып жатқанын мәлімдеді.

Атап айтқанда, ПВ-1 және ПВ-2 балқыту агрегаттары жөнделіп, ғимараттардың шатыр жабыны жаңартылуда, нөсер кәрізі жүйесі ауыстырылып, ауа баптау жүйелері орнатылуда.

Жыл соңына дейін Балқаш өндірістік алаңына жалпы құны 166 млн теңгеден асатын екі заманауи жедел жәрдем көлігі сатып алынады.

Сонымен қатар «Гигиена» корпоративтік бағдарламасы аясында 2026 жылы әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы 24 нысанды жаңғырту жоспарланған. Бұл жұмыстарға 754 млн теңге бөлінді.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков компанияның әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларының жалпы портфелі шамамен 45 млрд теңгені құрайтынын айтты.

Алдағы жылдары Балқашта заманауи балабақша және спорттық-туристік база салу жоспарланып отыр. Бұл жобалар қызметкерлер мен олардың отбасыларының өмір сапасын арттыруға, сондай-ақ қаланың туристік әлеуетін дамытуға бағытталған.

Металлург күнін мерекелеу қалада мәдени бағдарламамен жалғасады. Тұрғындар мен қонақтар үшін отбасылық ойын-сауық шаралары, спорттық жарыстар, концерттік бағдарлама және отшашу ұйымдастырылады.

Бүгін, 14:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.