Атырау, 9 қараша 17:49
 ашықВ Атырау +4
$ 491.71
€ 529.97
₽ 5.05

Даудың басы - карьер топырағы

5 259 просмотра

Махамбет ауданы Ақжайық ауылына қарасты «Құмшығанақ» елді мекеніндегі шаруа қожалығының басшысы Данияр ТЕМІРҒАЛЕВ (суретте) пен «Атырауинжстрой» ЖШС-інің арасында жерге қатысты дау шықты.

Д.Темірғалиев Атырау-Индер тас жолына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырған мердігер компанияны өзіне тиесілі жер аумағындағы карьерден топырақты заңсыз өндіріп отыр деп айыптайды.   

- Маған 2011 жылы бес жылға ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға 300 гектар жер телімі белгіленген болатын. - дейді ол. - «Атырауинжстрой» ЖШС менің жер аумағыма кіретін карьерден құм топырақты қазып, көлік жолын жөндеу жұмыстарына пайдалануда. Мен жұмысшыларға бұл жерден топырақ алуға болмайтынын және бүлінген жер үшін мен басыммен жауап беретінімді айттым. Оның үстіне аудандық жер қатынастары бөлімінің мамандары «бұл бүлінулерге түбінде сен жауап бересің, айыппұлын төлеу көп сомаға түседі» деп ескертіп кетті. Содан кейін мен топырақ қазу жұмыстарын тоқтату үшін аудан әкімдігі мен аудандық прокуратураға шағымдандым.

Махамбет ауданы прокуроры Алтынбек ЖҰМАБЕКОВ бұл шағымға орай: «Жер дауына байланысты даулар сотта қаралады. Болмаса, бұл жауапқа келіспеген жағдайда жоғары тұрған прокуратураға шағымдануыңызға құқылысыз» деп жауап берген. Алайда, аудандық сот бұл шағымды облыстық соттың қарайтынын айтса, облыстағылар «аудан қарайды, ал қарамайтын болса, жазбаша жауабын алып кел» деп кері жіберген. Аудандық сот судьясы жазбаша жауап беруден бас тартыпты.  

«Атырауинждорстрой» ЖШС инженері Үсен БАЙДҮЙСЕНОВ болса:

- Бұл жерде бірнеше қосалқы серіктестіктер жұмыс жасап жатыр. Жолға топырақты карьерден таси беріңдер деп «Атырауинжстрой» айтқандықтан, сол жерден алып отырмыз. Сондықтан біз бұған жауапты емеспіз, - деп отыр.

 

ҚАЗЫҚ ДҰРЫС ҚАҒЫЛМАҒАН

- Темірғалиевке бірінші жер актысы берілген сызбада қате кеткен. Енді оны өзгерту бойынша құжаттар дайындалу үстінде. Ал екінші сызбада карьер Темірғалиевтің жеріне кірмейді, -деді Махамбет аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Геннадий ЖУКОВ.

- Біз қазықты қайтадан қағатын боламыз. Сіз енді жүрмейтін боласыз, өзіміз тындырамыз, -деді бізбен бірге аудан әкімдігіне бас сұққан Темірғалиевке Махамбет аудандық жер кадастрлық бөлімінің басшысы Орынғали БАҒЫТЖАНОВ.

- Сіздер екі рет қазық қақтыңыздар, екеуі де дұрыс болмай шықты. Неге бұлай? Мен сізге жолыққанда, түсіндірмек тұрмақ, сөйлеспедіңіз. Ал мен екі айдан бері сандалып жүрмін, -деді Темірғалиев.

- Енді дұрыстап қағатын боламыз...

- Осындай әуре-сарсаңға салғандарыңыз үшін сотқа беремін және 500 мың теңге өндіріп аламын. Мен мұны аяқсыз қалдырмаймын.

Ал «Атырауинжстрой» ЖШС директоры Анатолий БЫКОВТАН біздің жолдаған ресми сауалымызға орай мынадай жазбаша жауап келді: «Топырақ өндіру үшін жер телімдерін ресімдеуді заңнама нормаларына сәйкес тапсырысшы - «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ жүзеге асырады. «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ өз кезегінде жер телімдері аумағы «Махамбет аудандық жер қатынастары бөлімі» ММ-мен мақұлданды. Барлық жер телімдері, оның ішінде Ақжайық ауылында орналасқан жер телімі де мемлекет меншігінде болған. Жұмыстар жүргізіліп жатқан жерлер Темірғалиевтің меншігі болып саналмайды. Темірғалиев мырза тек өзінің жер телімін топырақ өндіру жұмыстары жүріп жатқан бағытқа қарай кеңейтуді көздеген. Осы жағдайда «Атырауинжстрой» ЖШС қызметінде заңнама бұзушылық орын алып отырған жоқ деп есептейміз».

Алайда,Махамбет аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Г. Жуков жер телімдері аумағына қатысты ешқандай мақұлдаудың болмағанын айтады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

31 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.