Атырау, 10 желтоқсан 23:19
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Жағадағы жанталас

3 066 просмотра

Жайық жағасында тұру мүмкін болмай барады. Күздің қара суығы өңменіңнен өтеді. Жел де қатайып кеткен. Машинаның ығына тығылдық. Ал мұнда күн сайын келіп, қайық күтетіндер үшін бұл үлкен азапқа айналған.

- Сіз ол қайыққа мінбеңіз, келесісін күтейік. Ол ауырлау әрі мығымдау көрінеді. Қайықшы да тәжірибелі. Ал ана қайық жеңіл, оның желге қарсы жүруі қиын, аударылып түсуіміз мүмкін,- деді жағаға келген Лесхоз елді мекенінің тұрғыны Ақзер АХМЕТОВА.    

Жайықтың Бұқар бетінде жағадан бір шақырым қашықта орналасқан 20 шақты үйі бар Лесхоз елді мекені Махамбет ауданы Махамбет ауылына қарайды.Осы сәтте таксиден үш әйел түсті. Пакет толы заттарымен қоса бір қап ұндары бар.

- Міне, біздер азықты үйге қапшықтап тасып аламыз. Оларды қайық арқылы өткізіп, әрі қарай таксимен жетеміз, -дейді Ақзер оларға қарап тұрып. - Қайықшылар кісі басына 200 теңгеден ақы алады. Онысын қойшы, жел тұрғанда қайықпен өту сондай қорқынышты.

- Паром жүретін еді ғой?

- Паром бар ғой, бірақ ол кешіккенде біз қайықтың көмегіне жүгінеміз. Балаларымыз да кейде қайықпен өтеді. Соларды уайымдап, жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Лесхоздан жиырма шақты оқушы Жайықтан өтіп, Махамбет ауылындағы мектептерге қатынайды. Олардың ішінде менің алтыншы сыныпта оқитын балам да бар. Олар ауа райы бұзылғанда өткелден өту қиын болғандықтан сабақтан қалып та қояды. Осындай суықта бүрсеңдеп жағада тұрады, паромда ықтасын жер жоқ. Ал қыста су қатқаннан кейін мұз үстімен жаяу өтеді. Ол да қауіпті. Ал көктемде күн жылына бастағанда тіптен қорқынышты күндер басталады. Көрген күніміз осы. Көпір қашан салынады екен? – дейді Ақзер.

Өткел басы ми балшық. Жағалаулар өте тік болғандықтан машиналар жүре алмайды. 

-Жаңбыр жауып, жел тұрса, паром жұмыс істемейді. Себебі жағалаудан көліктер шыға алмай қалады. Ең болмаса, шебен төсеп тастаса, жақсы болар еді, -дейді күңкілдеп жүргізушілер.

Еске салсақ, өткен жылы облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ Махамбет ауылының тұсынан көпір салынатынына уәде берген болатын.

- Көпірдің сметалық құжаты жасақталды. Астанадан мақұлданып келген соң тендер жарияланады. Бұған нақты қанша қаржы бөлінетіні жақында белгілі болады. Жұмыс осы жылдан бастап жүргізіледі деп күтілуде, -дейді Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Әділбек ЗАЙДУЛЛИН. - Өткел жағалаулары Жайық көтерілгенде бүлінді. Бұрын ондай емес еді. Ал оны қалыпқа келтіру жүзбелі көпірді сенімгерлікпен алған мекеменің міндетіне жатады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

31 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.