Атырау, 17 шілде 11:48
 дождьВ Атырау +25.8
$ 472.34
€ 541.25
₽ 6.01

Ескі ақшаны әлі де айырбастауға болады: Ұлттық банк қазақстандықтарға үндеу жасады

55 рет қаралды
Көрнекі сурет/Canva
Көрнекі сурет/Canva

Қазақстанда ақша белгілерін біртіндеп жаңарту және ескі банкноттарды айналымнан шығару процесі жалғасуда. Дегенмен, олардың көбін әлі де жаңасына айырбастап алуға болады. ҚР Ұлттық банкі әр номиналдың нақты мерзімдерін еске салып, ескі купюраларды қай жерде қабылдайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Tengrinews.

Қазіргі уақытта елде «Қазақ елі» сериясындағы (аттас монумент бейнеленген) банкноттар мен «Сақ стилі» жаңа сериясының банкноттары қатар айналымда жүр. Ескі купюралармен әлі де заңды түрде есептесуге болады, ал банктер мен Қазпошта оларды номиналы бойынша қабылдауға міндетті. Бірақ әр номиналдың өз «жарамдылық мерзімі» бар.

Ұлттық банктің аумақтық филиалдары мен екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) ескі банкноттарды мынадай мерзімдерде қабылдайды:

  • 500 теңге (2017 жылғы үлгідегі) — 2027 жылғы 24 желтоқсанға дейін айырбастауға болады;

  • 1 000 теңге (2014 жылғы үлгідегі) — 2027 жылғы 27 наурызға дейін қабылданады;

  • 10 000 теңге (2012 жылғы үлгідегі) — айырбастау мерзімі 2027 жылғы 27 маусымда аяқталады.

Маңызды: Номиналы 2 000 теңгелік (2012 жылғы үлгідегі) банкноттар 2026 жылғы 25 маусымнан бастап қатар айналымнан біржола шығарылды. Ал 5 000 теңгелік купюралар (2011 жылғы үлгідегі) дүкендерде өткен жылдың күзінен бастап (2025 жылғы 25 қыркүйектен бері) қабылданбайды.

Қай банкнотаны шектеусіз (мерзімсіз) айырбастауға болады?

Ұлттық банк ескі ақшаларға қатысты бірегей ереженің бар екенін еске салды.

2006 жылғы үлгідегі (беткі жағында «Бәйтерек» монументі мен алақан бейнеленген) банкноттарды уақыт бойынша ешқандай шектеусіз айырбастауға болады. Егер сізден осындай купюралар табылса, оларды мерзімсіз қабылдап, жаңасына ауыстырып береді. Бірақ бұны тек Ұлттық банктің аумақтық филиалдарында ғана жүзеге асыруға болады.

Егер айырбастау мерзімі өтіп кетсе не істеу керек?

Егер сіз қатар айналым мерзімі ресми түрде аяқталған ескі купюраны (мысалы, 2 000 немесе 5 000 теңгелік) тауып алсаңыз, онымен дүкенде есептесе алмайсыз немесе кәдімгі терминал арқылы шотқа сала алмайсыз.

Мұндай жағдайда:

  1. Купюраның «Бәйтерек» бейнеленген 2006 жылғы серияға жататынын-жатпайтынын тексеріңіз (олар мерзімсіз ауыстырылады).

  2. Егер оған жатпаса, өз өңіріңіздегі Ұлттық банктің жақын маңдағы филиалына хабарласыңыз — оларда жеке тұлғалар үшін айналымнан алынған купюраларды қабылдау мерзімі ұзартылған.

  3. Егер заңмен белгіленген барлық мерзім өтіп кеткен болса, банкнот заңды төлем құралы ретіндегі күшін толық жояды және жай ғана кәдесый (сувенир) болып қалады.

Бүгін, 10:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.