Атырау, 17 шілде 10:22
 дождьВ Атырау +25.8
$ 472.34
€ 541.25
₽ 6.01

Жылыжайдағы 125 түп қарасора: Теміртау маңында үй жағдайында ұйымдастырылған есірткі плантациясы жойылды

45 рет қаралды
Фото: polisia.kz
Фото: polisia.kz

Теміртау маңында полицейлер үй жағдайында ұйымдастырылған есірткі плантациясын жойды, — деп хабарлайды Polisia.kz. 

Қарағанды облысында полицейлер заңсыз есірткі өсірумен айналысқан кезекті жылыжайдың қызметін тоқтатты. Теміртау қаласына жақын орналасқан елдімекендердің бірінде жүргізілген жедел іс-шара барысында көкөніс өсіруге арналған жылыжайдың есірткі құрамды өсімдіктерді баптайтын орынға айналғаны анықталды. 

Аталған іс-шара есірткінің заңсыз айналымына қарсы бағытталған “Қарасора — 2026” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өткізілді. Теміртау қаласы полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері мен Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметкерлерінің бірлескен жұмысының нәтижесінде 19 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. 

– Жеке тұрғын үйдің аумағын тексеру барысында үй іргесіндегі жер телімінен және арнайы жабдықталған жылыжайдан қарасора тектес есірткі құрамды 125 түп өсімдік анықталды. Сонымен қатар тінту кезінде шаруашылық құрылыстарының бірінен өсімдік тектес кептірілген есірткі заттары мен тіркелмеген аңшылық мылтық тәркіленді. Алдын ала мәліметке сәйкес, күдікті қарасораны арнайы жасалған жағдайларда өздігінен өсіріп келген, – деді Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуаныш Орынбетов. 

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300-бабының 1-бөлігіне сәйкес құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Полиция есірткі құрамды өсімдіктерді заңсыз өсіру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын және қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң жауапкершілік көзделгенін ескертеді. 

“Заң және тәртіп” қағидатын іске асыру аясында полиция қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресті жүйелі түрде жалғастырып, мұндай қылмыстарды анықтау, жолын кесу және тергеп-тексеру бағытындағы жұмыстарды күшейте береді. 

“Қарасора — 2026” жедел-профилактикалық іс-шарасының өткізілуі ерекше бақылауда, ал есірткі қылмысына қарсы күрес – ішкі істер органдары қызметінің негізгі басымдықтарының бірі.

Бүгін, 09:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.