
Шанхайда Қытайдың ірі жоғары технологиялық компанияларының басшыларымен өткен дөңгелек үстел аясында қол қойылған коммерциялық құжаттармен алмасу рәсімі өтті. Мемлекет басшысының Қытайға жасаған жұмыс сапары барысында жалпы сомасы 15 миллиард доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық келісімге қол қойылды.
Бұл келісімдер жасанды интеллект, цифрландыру, көлік инфрақұрылымы, қаржы, агроөнеркәсіптік кешен, машина жасау және басқа да жоғары технологиялық салаларды қамтиды.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен жобалары:
Цифрландыру және ЖИ: Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Huawei Technologies арасында стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Сондай-ақ Huawei компаниясы «Самұрық-Қазына» АҚ-мен технологиялық шешімдер мен жабдықтарды сатып алу туралы келісімге келді.
Автомобиль саласы және электромобильдер: «Самұрық-Қазына» АҚ, Freedom Holding Corp, Астана әкімдігі және Geely Auto Group электромобильдер инфрақұрылымын дамыту және автоөндірісте жасанды интеллектіні қолдану жөніндегі меморандумға қол қойды. Бұдан бөлек, Қазақстанда Li Auto автокөліктерін шығару, сондай-ақ Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытында OMODA және JAECOO маркаларын шығару бойынша техникалық-лицензиялық келісімдер жасалды.
Көлік және логистика: Құрық портында көпфункционалды терминалдың бірінші кезеңін салу бойынша инвестициялық келісімге қол қойылды. Сондай-ақ Қазақстан-Қытай халықаралық логистикалық дәлізі жобасы бойынша ынтымақтастық орнату көзделген.
Өнеркәсіп: «Qarmet» АҚ, Қазақстанның Даму Банкі және қытайлық Acre Coking & Refractory Engineering Consulting Corporation №8 және №9 кокс батареяларын және кокс газын тазалау жүйесін салу бойынша ұзақмерзімді стратегиялық келісім жасасты.
Цифрлық инфрақұрылым мен робототехника: «Қазақтелеком» АҚ мен HV & Submarine Hengtong Group «Дата-орталықтар алқабын» дамыту бойынша келісімге қол қойды. Сондай-ақ Qazbot Technologies пен Agibot PTE арасында, Qazaq AI Research University мен Shanghai Innovation Institute арасында, сонымен қатар Алматы әкімдігі, NERO Group және UBTECH Robotics қатысуымен ЖИ мен робототехниканы дамыту туралы құжаттар бекітілді.
Білім беру саласы: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Сучжоу университетімен бірлескен институт құру туралы және Jiangsu Huibo Robot Technology компаниясымен серіктестік туралы келісімдерге қол қойды.
Сонымен қатар қаржы секторы, өткізу пункттерін тексеру жабдықтарымен жарақтандыру, өнеркәсіптік локализация және антенналық-мачталық құрылыстар салу бағыттары бойынша да бірқатар маңызды құжаттар қабылданды.
В Атырау +33.6