Атырау, 11 желтоқсан 21:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Министрлік тежеп тұр

2 862 просмотра

Құлсары және Атырау қалаларына дейін су құбырын тарту және су тұшыту зауытының құрылысын салу  жобасы тоқтап қалды.

«ЗаманЭнерго» ЖШС директоры Елемес БҮРЛІБАЕВТЫҢ айтуынша,оғансебеп - индустрия және жаңа технологиялар министрлігі тарапынан қолдау таппауы. Ал жоба бойынша болашақта Жылыой ауданында орналасқан Жаңасу және Бали жерасты су кеніштерінде жаңа ұңғылар іске қосылып, су жинайтын резервуарлар, суды тұшытатын қондырғылар, суды Құлсары қаласына дейін тасымалдайтын сорап стансалары және Жаңасу-Құлсары су құбыры салынуы тиіс еді. 

- Осы жылдың 16 шілдесінде индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен өткен келіссөзде «ЗаманЭнерго» ЖШС Жаңасу және Бали жерасты су кеніштерін игеруге құқық берілді. Бірақ тиісті құжаттар әлі күнге дейін ресімделген жоқ. Ал осы уақыт ішінде біз ұңғылардың техникалық жағдайын анықтауға және екі ұңғының сағасын жөнге келтіруге 12 млн теңге жұмсадық, - дейді Е.Бүрлібаев. - Дегенмен, біздің жоба жалғасын табатынына үміттенемін.

Еске сала кетсек, 27 қыркүйек күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ астаналық журналистерге Бали және Жаңасу кеніштерінде жерасты суларын тазарту және тұшыландыру зауытын салу үшін инвесторлар тартылып жатқанын мәлімдеген болатын. Одан бөлек, осының алдында біз редакциялық сауалымызға орай облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Роза БАСАЛИХОВАДАН мынадай жауап алған болатынбыз: «Атырау облысы тұщы су деңгейінің төмендеу қаупі жоғары өлке болып табылады. Осыған байланысты тұздылығы аз су көздерін тұшыту және оны тұрғындарға қолдануға беру туралы шешім қабылданды. Тәулік сайын Атырау облысының тұрғындары 60 мың текше метр тұщы су тұтынады. Сонымен қатар, Жылыой ауданында тәулігіне шамамен 130 мың текше метр су беретін өзі ағатын минералды жерасты су ұңғымалары бар. Су жоғалтуды тоқтату және суды тиімді пайдалану мақсатында облыс әкімдігімен Құлсары және Атырау қалаларына дейін су құбыры және су тұшыту зауытының құрылысына жеке инвестициялар тарту бойынша шаралар алынды. Инвестициялардың жалпы көлемі 15 млрд теңгені құрайды. Жобаны іске қосу 2015 жылға жоспарлануда.

Облыс әкімдігінің тарапынан «ЗаманЭнерго» ЖШС-іне қойылған талаптар мынадай: Құлсары қаласын және болашақта Атырау қаласын тұрақты және сапалы сумен қамтамасыз ету, Жаңасу және Бали жерасты су кеніштерінде бақылаусыз атқылап тұрған ұңғыларды жөнге келтіру. Алайда, бүкіл іс индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің бюрократтарының кесірінен тежеліп тұр.

Айнұр САПАРОВА

31 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.