Атырау, 16 шілде 11:28
 дождьВ Атырау +24.7
$ 469.71
€ 536.17
₽ 6.01

​Жаз басталғалы 70-ке жуық бала суға кетті: ІІМ қазақстандықтарға шұғыл үндеу жасады

48 рет қаралды
АЖ мұрағатынан алынған көрнекі сурет
АЖ мұрағатынан алынған көрнекі сурет

Шомылу маусымы басталғалы бері Қазақстанның су айдындарында 69 бала қаза тапты. Ішкі істер министрлігі ата-аналарға қатаң әрі маңызды үндеу жолдап, кәмелетке толмағандарды су маңында қараусыз қалдырмауға шақырды.

Ведомство «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында қайғылы оқиғаларға егжей-тегжейлі талдау жүргізді. Белгілі болғандай, қайғылы жағдайлардың басым бөлігі екі негізгі себептен болады: шомылуға жабдықталмаған жерлерде суға түсу және ата-аналардың салғырттығы.

Көбіне ересектердің өздері су жағасында отырыс ұйымдастырып, қауіпті жағдайлар туғызады. Ата-аналар ішімдік ішіп, көңіл көтеріп жатқанда, қараусыз қалған балалар суға түсіп, қиындыққа тап болады.

Тыйым салынған жерде суға түскені үшін жаза бар

ІІМ тыйым салынған жерлерде шомылғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

2026 жылдың басынан бері полиция қызметкерлері тыйым салу белгілерін елемей, заң бұзған 2 700-ден астам адамды жауапкершілікке тартты. Ереже бұзушыларға ескерту жасалады немесе ірі көлемде айыппұл салынады.

Қауіпсіздік жадынамасы: баланы қалай қорғау керек?

Тәртіп сақшылары қазақстандықтарға өмірді сақтап қалуға көмектесетін қарапайым ережелерді есте сақтауды және бұлжытпай орындауды ұсынады:

  • «Жабайы» жағажайлардан аулақ болу: түбі сүңгуірлермен тексерілмеген, ағысы, иірімі күшті, ағаш бұтақтары мен қоқыстар жатуы мүмкін жабдықталмаған жерлерде шомылудан аулақ болыңыз.

  • Үздіксіз бақылау: су жағасында демалған кезде балаларды бір секундқа да назардан тыс қалдырмаңыз.

  • Түсіндіру жұмыстарын жүргізу: балаға беймәлім су айдындарының несімен қауіпті екенін және белгісіз жерлерде суға секіруге неге болмайтынын түсіндіріңіз.

  • Сіңірдің тартылу қаупі: аптап ыстықта суық суға шомылу өте қауіпті. Температураның күрт өзгеруі тамырлардың түйілуін (спазм) және дененің тез тартылып қалуын тудыруы мүмкін.

Бүгін, 10:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.