Атырау, 15 шілде 17:30
 дождьВ Атырау +32.5
$ 468.88
€ 534.10
₽ 6.04

Үш есе тез тартылып жатыр: ғалымдар Каспий бойынша қорқынышты болжам жасады

59 рет қаралды
© NASA / Norman Kuring, NASA’s Ocean Color web
© NASA / Norman Kuring, NASA’s Ocean Color web

Каспий теңізі ауқымды экологиялық апатты бастан кешіруде. Соңғы 30 жылда оның су айдынының аумағы рекордтық 7,4 пайызға қысқарды. Теңіздің жоғалтқан аумағы Еуропадағы тұтас бір мемлекет — Албанияның көлемімен тең, деп хабарлайды ria.ru РФҒА Мұхиттану институтының зерттеуіне сілтеме жасап.

Ғалымдардың соңғы мәліметіне сәйкес, 1996 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта Каспий өзінің 28,6 мың шаршы шақырымнан астам аумағын жоғалтқан.

Үш есе тез тартылып жатыр

Су деңгейінің тұрақты түрде төмендеуі 1995 жылдан бері тіркеліп келеді. Орта есеппен алғанда, теңіз суы жылына шамамен 10 сантиметр жылдамдықпен тартылып, осы уақыт ішінде деңгейі үш метрге жуық төмендеген. Алайда соңғы жылдары жағдай күрт нашарлады.

«Біз әзірге теңіз деңгейінің төмендеу қарқыны баяулағанын көріп тұрған жоқпыз. Керісінше, егер 2005-2019 жылдар аралығында Каспий деңгейі жылына орта есеппен 8,16 сантиметрге төмендесе, 2020–2024 жылдары бұл жылдамдық қауіпті шек — жылына 22,7 сантиметрге дейін шарықтады», — деді зерттеудің жетекші авторы, институттың бас ғылыми қызметкері Андрей Костяной.

Ғалымдар судың мұндай жылдамдықпен кетуі қазірдің өзінде ауыр экономикалық және әлеуметтік салдарға әкеп соқтырғанын атап өтті:

  • Теңіз елді мекендер мен порт аймақтарынан тым жылдам алшақтап барады (бұл Қазақстанның Ақтау қаласы маңындағы жағалаудан айқын көрінеді);

  • Арналар мен айлақтардың қатты таяздануы кеме қатынасын айтарлықтай қиындатып, сауда навигациясына қауіп төндіріп тұр. 

Ең алаңдатарлығы — экологтар жағдайдың тұрақтануына әлі ешқандай себеп көріп тұрған жоқ. Математикалық модельдер мен ғалымдардың болжамы бойынша, 2100 жылға қарай Каспий теңізінің деңгейі тағы 2-ден 21 метрге дейін төмендеуі мүмкін. Бұл су айдынының ең таяз солтүстік бөлігінің толықтай құрлыққа айналуына әкеп соғуы ықтимал.

Бүгін, 16:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.