Атырау, 15 шілде 17:24
 дождьВ Атырау +32.5
$ 468.88
€ 534.10
₽ 6.04

​Алматыда мәслихат депутаты аса ірі мөлшердегі алаяқтық үшін сотталды

56 рет қаралды
Жарылқасын Болатұлы (оң жақ шеттегі)
Жарылқасын Болатұлы (оң жақ шеттегі)

Талдықорған мәслихатының депутаты Жарылқасын Болатұлы аса ірі мөлшердегі алаяқтық ісі бойынша кінәлі деп танылып, сотталды. 

Бұл туралы қазақстандық журналист Михаил Козачков хабарлады.

Оның мәліметінше, «AMANAT» партиясының мүшесі, 44 жастағы депутатқа қатысты сот үкімі Алматы қаласының Медеу аудандық сотында шығарылды.

Іс элиталы аудандағы коттеджді сатуға қатысты өрбіген. Болатұлы бірнеше сатып алушыдан бір уақытта ақша алған, соңында бұл жылжымайтын мүлік мәмілесі қылмыстық істің қозғалуына себеп болған.

Журналистің дерегінше, бірінші сатып алушы депутатқа 10 миллион теңге кепілдік ақша (задаток) берген. Алайда сатушы үйдің «қызыл сызықта» орналасқанын және болашақта бұзылуы мүмкін екенін ескертпеген көрінеді. Мәміле бұзылғаннан кейін кепілдік ақша сатып алушыға қайтарылмаған.

Кейін екінші сатып алушы табылған. Оған үйдің банкте кепілде тұрғаны, сондықтан алдымен мүлік ауыртпалығын жою қажет екені айтылған. Сатып алушы банкке 116 миллион теңге аударып, сатушының өзіне тағы 3 миллион теңге берген және мүліктің түпнұсқа құжаттарын алған. Алайда кейіннен үйге салынған басқа да тұтқындауларға (арест) байланысты мәмілені аяқтау мүмкін емес екені белгілі болды.

Козачковтың жазуынша, банктің кепілі шешілгеннен кейін, Болатұлы құжаттардың телнұсқасын (дубликат) алып, коттеджді үшінші тұлғаға сатып жіберген. Осыдан кейін іс бойынша зардап шеккендерден тағы бір арыз түскен.

Сотта депутат кінәсін мойындамады, бірақ сатып алушылардан ақша алғанын растады. Журналистің айтуынша, ол қаражатты өзінің «Айсұлу» тігін фабрикасына салғанын мәлімдеген. Жәбірленушілерге келтірілген шығын өтелді.

Сот Жарылқасын Болатұлын кінәлі деп танып, оған орташа қауіпсіздік мекемесінде 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

Бүгін, 16:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.