
Жаңа Салық кодексі елдің экономикалық жүйесін ашық әрі тұрақты етуге бағытталған маңызды қадам болды.
Ол нақты секторды қолдауды күшейтіп, салық жүктемесін әділ бөлуге негізделген. Реформа нәтижесінде бюджет кірістері айтарлықтай өсті: биылғы бірінші жартыжылдықта түсімдер былтырғы кезеңмен салыстырғанда 16%-ға артты, ал ҚҚС түсімдері бір жарым есеге көбейді. Бұл көлеңкелі экономиканы қысқарту шараларының тиімділігін көрсетеді.
КТС мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталды, бірақ банк қызметі үшін 25%-ға көтерілді, ал ауыл шаруашылығы саласына жеңілдетілген 3% мөлшерлеме енгізілді. ҚҚС базалық мөлшерлемесі 16% болып бекітіліп, дәрі-дәрмекке, оқу әдебиеттеріне және баспасөз өнімдеріне төмендетілген мөлшерлемелер қарастырылды. Жеке табыс салығында прогрессивті жүйе енгізіліп, жоғары табыс алатын азаматтар үшін 15% мөлшерлеме белгіленді, ал көпшілік үшін бұрынғы деңгей сақталды. Сонымен қатар зейнетақы төлемдері ЖТС-тан толық босатылды.
Әлеуметтік әділеттілікті арттыру үшін көлік салығы ескі автокөліктерге төмендетілді, ал І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік шегерім 5 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Салықтық әкімшілендіру жеңілдетіліп, есептілік нысандарының саны 30%-ға қысқартылды.
Жалпы алғанда, жаңа Салық кодексі азаматтардың мүддесін қорғауға, бизнесті қолдауға және бюджет кірістерін тұрақты арттыруға бағытталған.
В Атырау +32.5