
Егер Тегеран келіссөздер үстеліне отырмаса, АҚШ Иран аумағындағы барлық электр станциялары мен көпірлерді жоймақ.
Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Fox News арнасына Ормуз бұғазындағы қазіргі жағдайды түсіндіріп айтты, деп хабарлайды АА.
Америкалық көшбасшы Вашингтонның Иранға «өте күшті соққы жасағанын» және «олардың жағалау бойындағы барлық нысандарына соққы беруді жалғастырып жатқанын» атап өтті.
«Бүгін кешке біз оларға өте күшті соққы жасаймыз. Ертең кешке де өте күшті соққы жасаймыз. Арғы күні кешке тағы да өте күшті соққы жасаймыз. Егер олар келіссөздерге отырмаса, біз олардың барлық электр станцияларын және барлық көпірлерін қиратамыз», — деп ескертті АҚШ президенті.
Трамп сондай-ақ бұғаздан өту үшін төлем енгізу мүмкіндігін қарастырғанын, бірақ Парсы шығанағы елдері оның орнына «АҚШ-та қомақты қаражат жұмсауды жөн көретінін, бұл шын мәнінде одан да тиімді нұсқа екенін» айтты.
Сонымен қатар ол Ормуз бұғазына жасалып жатқан соққылар «ол өзі «жетеді» дегенге дейін» жалғасатынын қосты.
Мемлекет басшысы АҚШ қарулы күштері Иранның Парсы шығанағындағы басты мұнай терминалы саналатын Харк аралына екі соққы жасағанын растады.
«Аралды басып алу мәселесіне келсек, егер біз оларды жеткілікті алысқа және жеткілікті тереңге ығыстыра алсақ, мен оған барамын», — деді Трамп.
Президент Иранмен келіссөз жүргізудің жалғыз тиімді жолы — «күш қолдану» екенін атап өтті және АҚШ дәл осы тәсілді қолданып отырғанын айтты.
Трамптың сөзінше, Ормуз бұғазы оны кесіп өткісі келетіндердің бәріне ашық, бірақ тек Иран үшін жабық.
Айта кету керек, Дональд Трамп бұған дейін де Иранның электр станциялары мен көпірлеріне соққы жасауға дайын екенін мәлімдеген. Ол кезде мұндай сөздер халықаралық қауымдастық тарапынан сынға ұшыраған, себебі азаматтық инфрақұрылымға соққы жасау әскери қылмыс болып саналады. Ақырында бұл жоспар іске асырылмаған еді.
В Атырау +32.6