
Үкімді түсіндіру барысында судья Зарема Хамидуллина Сұлтан Сәрсемалиевтің Наурызды өзін-өзі қорғау мақсатында өлтірдім, ал қалған жәбірленушілерді «өз әрекеттеріме есеп бере алмайтын күйде» өлтірдім деген уәждері расталмағанын мәлімдеді. Сот сондай-ақ сотталушының қылмыс жасаған кезде аффект жағдайында болғаны туралы қорғаушы тараптың ұстанымын да қабылдамады.
Судьяның айтуынша, жәбірленушіге кемінде он пышақ жарақаты салынған, оның үстіне мәйітті жасыру әрекеті қылмыстың мақсатты түрде жасалғанын көрсетіп отыр. Бұл жерде ешқандай қажетті қорғаныс туралы айту мүмкін емес.
Судья Наурыздың мәйіті өлтірілгеннен кейін он айдан астам уақыт өткен соң табылғанын айтты. Мәйіттің қатты бұзылуына байланысты сарапшылар терінің сақталған бөліктерінен тек он пышақ жарақатын анықтай алған, алайда, маманның қорытындысы бойынша, олардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Сонымен қатар, қаза тапқан төрт адамның да жүрек тұсына, яғни өлімге әкелетін пышақ жарақаттары салынған. Максот, Нәсіп және Мейрамгүлдің қолдары мен білектерінде де жарақаттар табылған, бұл сот қорытындысы бойынша олардың шабуылдаушыдан қорғануға тырысқанын дәлелдейді.
Сот психологиялық-психиатриялық сараптама нәтижелеріне сүйенді, оған сәйкес Сәрсемалиев есі дұрыс, психикалық аурулармен ауырмайды және қылмыс жасау кезінде физиологиялық немесе патологиялық аффект жағдайында болмаған. Сот физиологиялық аффектінің қысқа мерзімді күй екенін, ал сотталушының әрекеттері бірнеше айға созылып, жүйелі болғанын атап өтті.
Судьяның айтуынша, Сәрсемалиев қылмысқа алдын ала дайындалып, саналы түрде әрекет еткен, ал кісі өліміне бұрынғы әйелінің туыстарымен арадағы жанжал себеп болған.
«Балаларын ойлайтын әке оларды жетім қалдырмас еді»
Сотталушыға айтқан сөзінде судья егер ол жақсы күйеу әрі күйеу бала болғанда, әйелінің ата-анасы қызын қайтарып алуға тырыспас еді деп атап өтті.
«Сіз Наурызды қасақана өлтірдіңіз, ал отбасының қалған мүшелерін бірінші қылмысым ашылып қалады деп қорыққандықтан өмірінен айырдыңыз. Сіз жазықсыз адамдарды өлтірдіңіз», — деп мәлімдеді Зәрема Хамидуллина.
Судья процесс барысында Сәрсемалиевтің жәбірленушілердің қандай сөзі немесе әрекеті мұндай қатыгез қылмысты ақтай алатынын түсіндіріп бере алмағанын баса айтты.
Сотталушы бұл қылмыстарды өз балалары үшін жасағанын алға тартты. Алайда сот бұл уәжді негізсіз деп тапты.
«Балаларын шынымен ойлайтын әке оларды ешқашан ата-анасыз қалдырмас еді. Ол балаларының анасын ауыр психикалық ауруымен жалғыз қалдырып, олардың болашағын өз қолымен талқандамас еді», — деді судья.
Оның айтуынша, бүгінде балалар ата-анасының жанында емес, мемлекет қамқорлығында. Оларға ойыншық пен тәтті емес, ата-ананың махаббаты мен қамқорлығы қажет. Ол сезімдерден олар еріксіз айырылып отыр
Судья сондай-ақ бұрынғы әйелінің ата-анасы сотталушы үшін өз ата-анасындай жақын адамдар болуы тиіс екенін еске салды.
«Сіз өз қолыңызбен олардың өмірін қидыңыз, сүйектерін жер қойнына дұрыстап тапсырмай, шұңқырға тастай салдыңыз. Наурыздың денесі үйдің жанында жатқанын біле тұра, сол жерде бейқам өмір сүруді жалғастырдыңыз. Кейін Мейрамгүлді өлтіріп, шұңқырды қайта қазып, оны Наурыздың денесінің үстіне көмдіңіз. Мұндай әрекеттерді адамгершілік тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да ақтау мүмкін емес», — деп атап өтті судья.
Ол сот талқылауы кезінде қаза тапқандардың мәйіттерін эксгумациялау туралы бейнежазбалар зерттеліп, олардың бұзылу дәрежесі айқын көрінгенін айта кетті.
«Ал Наурыз бен Мейрамгүл өмірде не қызық көрді?»
Судья процесс барысында жәбірленушілерді жағымсыз жағынан көрсетуге және болған жағдайға жауапкершілікті оларға аударуға тырысқан Сәрсемалиевтің анасы мен әпкесінің жауаптарына жеке тоқталды.
Судьяның айтуынша, қаза тапқандар енді өздерін қорғай алмайды, ал сотқа ұсынылған дәлелдемелер олардың атына айтылған айыптаулардың ешқайсысын растамады.
Сотталушының анасының өз ұлының «өмірде қызық көрмегені» туралы сөзіне қатысты судья: «Ал Наурыз бен Мейрамгүл өмірде не қызық көріп үлгерді?» деген қарсы сұрақ қойды.
Ол екі жәбірленушінің де бала кезінен мүгедектігі болғанын, ал өмірлері қайғылы жағдайда үзілгенін атап өтті. Олар енді ешқашан өз армандарын орындай алмайды, отбасын құра алмайды және артынан ұрпақ қалдыра алмайды.
Сот сондай-ақ сотталушының бүкіл өмірін бес баланы тәрбиелеуге және ауру әйеліне күтім жасауға арнағаны туралы уәжді де қабылдамады.
Судьяның айтуынша, өз балалары мен жұбайына қамқорлық жасау — бұл ерлік немесе жазаны жеңілдететін мән-жай емес, бұл әрбір ата-ананың табиғи міндеті.
Үкімді түсіндіруді аяқтай келе, Зарема Хамидуллина Сәрсемалиев өз әрекеттерімен бір адамның ғана емес, тұтас бір отбасының тағдырын талқандап, қаза тапқандардың туыстарына ғана емес, бүкіл қоғамға ауыр соққы әкелгенін атап өтті.
«Отбасылық жағдай қаншалықты қиын болса да, шаңырақты сақтап қалуға төзімділік, жауапкершілік, өзара құрмет пен кешіре білген дұрыс. Ашу мен ыза ешқашан мәселені шешпейді — олар тек орны толмас қасіретке әкеледі», — деп түйіндеді судья.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау +25.7