Атырау, 15 шілде 10:32
 дождьВ Атырау +25.7
$ 468.88
€ 534.10
₽ 6.04

​Атырауда №18 кәріз-сорғы станциясы қайта жаңғыртылғаннан кейін апат екі есе азайды

62 рет қаралды
Сурет: Өңірлік коммуникация қызметі
Сурет: Өңірлік коммуникация қызметі

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов инфрақұрылым нысандарын бақылап шығу жұмыстарының аясында №18 кәріз-сорғы станциясына барып, қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижесімен танысты.

№18 кәріз-сорғы станциясы 1976 жылы пайдалануға берілген. Нысан содан бері алғаш рет жаңғыртудан өтіп тұр. Жоба аясында станция толық жаңартылып, заманауи технологиялық құрылғылармен жабдықталды. 

Сорғы қондырғылары, электр тарату шкафтары мен желдету жүйелері ауыстырылып, қашықтан бақылауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған басқару жүйесі енгізілді.

«Атырау облысы Су Арнасы» КМК басшысы Мейірім Қалауидің айтуынша, жаңа сорғылардың әрқайсысына 75 киловаттық электр қозғалтқыш қондырылған және сағатына 1000 текше метрге дейін сарқынды су айдай алады.

Жүргізілген жаңғырту нәтижесінде №18 кәріз-сорғы станциясының өткізу қуаты екі есеге артқан. Жаңартылған кәріз-сорғы станцияларының қай-қайсысы да автоматтандырылған басқару жүйелерімен және резервтік электрмен жабдықтау көздерімен қамтамасыз етілген. Бұл электр энергиясын беру уақытша тоқтаған жағдайда да нысандардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, апатты жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Жаңғыртылған №18 кәріз-сорғы станциясы қаладағы 40 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Нысан Сәтбаев, Жарбосынов, Құлманов көшелері мен Студенттер даңғылы секілді қаланың орталық бөлігіндегі негізгі магистральдардан келетін сарқынды суды қабылдайды.

Станция пайдалануға берілгелі оған қарасты желілердегі апат саны 50 пайызға азайды. Нысан нөсер жауын кезінде жаңбыр суын да қосымша қабылдап, кәріз құдықтарының толуына және қаланың орталық бөлігін су басуына жол бермейді.


Атырау қаласындағы кәріз-сорғы станцияларын ауқымды жаңғырту жұмыстары 2024 жылы басталды. Жобаның алғашқы кезеңінде қаланың әртүрлі бөлігіндегі тоғыз кәріз-сорғы станциясы толық жаңартылып, пайдалануға берілді.

Коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары әлі де жалғасуда. Биыл тағы 11 кәріз-сорғы станциясын жаңғырту басталды. Оның жетеуі жергілікті бюджет қаражаты есебінен, төртеуі энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртуға бағытталған ұлттық жоба аясында жүзеге асырылуда. Сонымен қатар тағы 24 кәріз-сорғы станциясы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Бұл облыс орталығындағы су бұру жүйесін кезең-кезеңімен кешенді жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Серік Шәпкенов нысан жұмысын зерделей отырып, жауапты сала басшыларына басқа да кәріз-сорғы станцияларын жаңғырту жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, құрылыс сапасына ерекше назар аударуды тапсырды.

Облыс әкімі қатарынан іске асырылатын жобалардың санын арттыру мүмкіндігін қарастыруды да жүктеді.
Жаңартылған станциялар іске қосылып, сарқынды су бұру жүктемесі қайта бөлінсе, басқа нысандарды уақытша тоқтата тұрып, оларды қайта жаңғыртуға техникалық мүмкіндік туады. Бұл қаланың кәріз жүйесін кешенді жаңғырту қарқынын арттыруға жағдай жасайды.

Бүгін, 09:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.