
Қазақстан Ішкі істер министрі бастаған делегациялардың Грузия мен Түркияға, Әзірбайжанға жасаған сапарларының нәтижесінде трансұлттық қылмыстық құрылымдарға қарсы күрес жөніндегі бірлескен жұмыс жанданды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ыстамбұл қаласында Исмаилов есімді Қазақстан азаматы тапаншамен атылып, қаза тапқан болатын. Жолға қойылған байланыс арналары мен өзара іс-қимылдың жоғары деңгейінің арқасында бұл кісі өлтіру қылмысы жедел түрде ашылды. Үш елдің полиция қызметкерлерінің бірлескен жұмысының нәтижесінде қылмыс жасаған екі адам ұсталды.
Қылмыстық істі тергеу барысында қылмыстың жасалу себебі, сондай-ақ кісі өлтіруді ұйымдастырушы мен тапсырыс беруші анықталды. Олар трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық ортаның өкілдері және халықаралық іздеуде жүрген.
Алынған мәліметтер Ішкі істер министрлігіне Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, АҚШ-та журналистті өлтіруге оқталу дерегі үшін бас бостандығынан айырылған қылмыс әлемінің беделдісінің басшылығымен әрекет еткен трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің Қазақстан аумағында жасаған өзге де ауыр қылмыстарын ашуға ықпал етті.
Алматы қаласында 2025 жылғы тамызда қала тұрғынын өлтіруге оқталған ұйымдасқан қылмыстық топтың киллерлерінің бірі ұсталды. Қылмыс құралы - тапанша тәркіленді. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.
- Қазақстан Ішкі істер министрлігі Түркия және Грузиядағы әріптестерімен өзара іс-қимыл аясында үш мемлекеттің аумағында трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін ұстау бойынша кезең-кезеңімен арнайы операция жүргізді. Алматы қаласында аталған қылмыстық құрылымның мүшелері ұсталды. Оларға қару қолдану арқылы жасалған бірнеше шабуылға қатысы бар деген айып тағылуда, - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс. Аталған қылмыстарды жасаудағы қаскөйлердің көздегені - қылмыстық идеология элементтерін пайдалану арқылы диаспоралық топтардың жекелеген өкілдерінің бизнесіне ықпал ету. Грузия аумағында трансұлттық қылмыстық құрылымдармен байланысы бар және бірқатар ауыр қылмыстарға қатысы бар күдіктілер ұсталды. - Қазіргі уақытта белгілі болған барлық қылмыстық фактілер бойынша дәлелдемелерді жинау жалғасуда, қылмысқа қатысы бар күдіктілер анықталуда. Топтың ұйымдастырушысын қолданыстағы заңнамаға сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тарту бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр, - деді Қуандық Алпыс.
Трансұлттық қылмыстық құрылымдардың қылмыстық қызметінің жолын кесу шетелден жүзеге асырылатын ықпал ету арналарын жабуға, еліміздің аумағында өзге де ауыр қылмыстардың алдын алуға, сондай-ақ Заң мен Тәртіп қағидатын іс жүзінде қамтамасыз етіп, жазаның бұлтартпастығын жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
В Атырау +25.7