Атырау, 14 шілде 21:43
 дождьВ Атырау +34
$ 477.11
€ 545.58
₽ 6.20

Астанада Damu med арқылы жалған есеп айырысу ісі әшкереленді

50 рет қаралды
ЖИ арқылы жасалған сурет
ЖИ арқылы жасалған сурет

Астанада азаматтарды медициналық ұйымға тіркеу деректерін қолдан бұрмалау арқылы бюджет қаржысын жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты.

Бұл істі Астана қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті тергеді.

Агенттік деректеріне сәйкес, жеке клиника — «Forte Clinic (Tumar)» ЖШС басшысы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан негізсіз қаржы алу үшін азаматтар санын жасанды түрде көбейту схемасын ұйымдастырған.

Схеманы жүзеге асыру үшін ол «Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығы» РМК қызметкерін тартқан. Ол қызметтік қолжетімділікті пайдаланып, жалған өтініштерді заңсыз мақұлдап отырған.

Нәтижесінде 15 мыңнан астам азамат клиникаға жазбаша өтініш арқылы тіркелген. Ал қолданыстағы ережелер мұндай тәсілді тек шектеулі санаттағы адамдарға ғана рұқсат етеді.

Тергеу барысында басқа өңірлерден келген азаматтарды, заңды өкілдерінің құжаттарынсыз тіркелген кәмелетке толмағандарды, сондай-ақ елден кеткен адамдарды тіркеу фактілері анықталды.

Сонымен қатар клиника басшысы Damu med ақпараттық жүйесінде медицина қызметкерлерінің есептік жазбаларын бақылауға алып, оларды әкімшілік телефон нөмірлеріне байлап қойған.

Осы қолжетімділікті пайдаланып, ол заңсыз тіркелген азаматтарға көрсетілген-мыс медициналық қызметтер туралы жалған деректер енгізген. Бұл деректер әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаржы бөлуге негіз болған.

Мемлекетке келтірілген шығын 79 млн теңгеден асты.

Сот клиника басшысын 5 жылға бас бостандығынан айыруға, ал Денсаулық сақтауды дамыту орталығының қызметкерін 3 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Келтірілген шығын толық өтелді. Үкім заңды күшіне енді.

Бүгін, 20:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.