Атырау, 14 шілде 18:51
 дождьВ Атырау +36.5
$ 477.11
€ 545.58
₽ 6.20

Павлодар мұнай-химия зауыты​ның қуатын жылына 9 млн тоннаға кеңейту жоспарланды

Сурет
84 рет қаралды

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Павлодар облысына жұмыс сапары кезінде «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-де (ПМХЗ) болып, инвестициялық жобалардың іске асу барысымен, сондай-ақ кәсіпорынның биылғы бірінші жартыжылдықтағы өндірістік қызметінің қорытындыларымен танысты.

ПМХЗ бас директоры Маждай Ахметов баяндама жасап, зауыт алты айда 3,2 млн тоннадан астам шикі мұнайды өңдеп, ҚР Энергетика министрлігі бекіткен жоспарлы көрсеткіштерді 75 мың тоннаға асыра орындағанын жеткізді. Тауарлық өнім шығару көлемі 3 млн тоннаға жетіп, жоспардан 81 мың тоннаға асты.

Автобензин өндіру көлемі 930 мың тоннаны құрап, авиаотын өндірісінің ұлғаюына байланысты жоспардан 4,7 мың тоннаға аз болды. Дизель отынын шығару шамамен 1,2 млн тоннаны құрады — бұл жоспардағы көрсеткіштен 72 мың тоннаға артық. Авиаотын өндірісі 141,5 мың тоннаға жетіп, жоспардан 15,5 мың тоннаға көп болды. Сұйытылған мұнай газын шығару 163 мың тонна деңгейінде тіркеліп, жоспарланған көлемнен 20 мың тоннаға артық орындалды. Бірінші жартыжылдықта битум өндірісі бойынша жоспар 205,5 мың тоннаны құраса, нақты өндіру көлемі 235 мың тоннадан асып түсті.

Есепті кезеңде мұнай өңдеу тереңдігі 94,8% жетті, ал жалпы өндіріс көлеміндегі жеңіл мұнай өнімдерінің үлесі 75,3% құрады.

Кеңейтілген жөндеуаралық кезеңге көшуге дайындық аясындағы кәсіпорынды технологиялық жаңартудың стратегиялық өзегі – «Senim-D» жобасы. Ол мұнайды терең өңдеу өндірісінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге және жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемін ұлғайтуға бағытталған. Жоба негізгі қондырғылардың реконструкциясын көздейді. Бүгінгі таңда жобалау кезеңі аяқталды. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде, іргетасты бетондау, металл конструкциялары мен құбырларды монтаждау жүріп жатыр.

Кеңейтілген жөндеуаралық кезеңге көшу үшін зауытта активтерді басқару жүйесі, жабдықтардың жұмысындағы тәуекелдерді бақылау және жасанды интеллект негізіндегі предиктивті сараптама енгізілуде. Бұдан бөлек, есептеуіш құралдарды орнату аймағын кеңейтіп, цифрлық жүйелердің интеграциясын тереңдету жоспарланып отыр. Бұл зауыт қуаты артқан кезде технологиялық желілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.

Жаңғыртудың маңызды кезеңі — дизель отынын гидротазарту қондырғысын реконструкциялау жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру. Қазіргі уақытта жабдықтың монтажы аяқталды, құбырларды монтаждау және кабельді төсеу жұмыстары жүргізілуде. Реконструкциялау толық аяқталғаннан кейін ПМХЗ қысқы дизель отынын өндіре алады. Бұл еліміздің солтүстік және шығыс өңірлері үшін аса маңызды.

Сонымен қатар дизель отынын гидротазарту қондырғысының жаңартылған қуатын сутегімен қамтамасыз ету үшін сутегі өндірісінің екінші қондырғысын салу бойынша басқа инвестициялық жоба қолға алынды. Гидротазалау процестері үшін техникалық сутегі аса қажет. Кестеге сәйкес риформинг пешінің, түзілетін газдарды қалпына келтіру жүйесінің монтажы жасалып, жер және бетон жұмыстары атқарылды.

ПМХЗ өндірістік қуатын жылына 6 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін кеңейтудің стратегиялық жобасы инженерлік-экономикалық талдау кезеңіне көшті. Бұған дейін жобаның іске асыру мерзімін оңтайландыру мақсатында жобалау-сметалық құжаттамамен біріктірілген техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭН) әзірлеу туралы шешім қабылданған болатын. Қазіргі таңда зауыттың өндірістік әлеуетін кезең-кезеңімен арттыруға бағытталған төрт технологиялық конфигурация бойынша желілік модельдеу (LP-модельдеу) жұмыстары аяқталды. Барлық нұсқалар мұнайды өңдеу тереңдігін бұрын-соңды болмаған 99% дейін жеткізуді және жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемін 85% дейін арттыруды көздейді.

Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылында цифрлық трансформация ПМХЗ тиімділігінің басты қозғаушы күшінің бірі болып қала береді. Негізгі бағыт – предиктивті сарамтама: биыл күздің соңына дейін алғашқы 22 жабдық проактивті бақылау жүйесіне қосылады. 2028 жылға қарай бұл жүйемен 100-ден астам маңызды жабдық қамтылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ барлық 30 қондырғыда металл бұзылуын үздіксіз бақылау үшін коррозия паспорттары енгізілді, 97 онлайн-датчик орнатылды және 27 су тоңазытқыштарында катодты қорғаныс іске қосылды.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында зауытта каскалардың, арнайы киімдердің, жеке қорғаныс құралдарының болуын анықтайтын және нақты уақыттағы түтінді бірден анықтай алатын интеллектуалды бейнеталдау жүйесін қолданысқа енгізу жұмыстары аяқталуда. Цифрландыру логистикалық процестерге де әсер етті: зауытта қағаз құжат айналымын болдырмайтын битумды жөнелтудің электрондық кезегі сәтті жұмыс істеп тұр, сұйытылған газға арналған осындай цифрлық модуль әзірленуде.

ҚМГ басшысы инвестициялық жобаларды іске асыруды тездетуді және цифрлық шешімдерді енгізу бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Бүгін, 17:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.