
Алматыда белгілі блогер әрі заңгер Әділетхан Молдахан полиция туралы жалған ақпарат таратқаны үшін 2,5 жылға сотталды.
Алмалы аудандық соты оны көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ оған 5 жыл бойы әлеуметтік желіде материал жариялауға тыйым салынды.
Блогер әл-Фараби даңғылындағы 3 адам қаза тапқан жол апатынан кейін жазба жариялап, заңсыз көше жарыстарына полиция өкілдерінің қатысы бар деп мәлімдеген. Ол бұрынғы лауазымды тұлғалар Ержан Ұзабаев пен Серік Шумаевтың есімдерін атаған. Тергеу бұл ақпаратты көрінеу жалған деп тапты.
Әділетхан Молдахан өз кінәсін толық мойындады. Жәбірленуші тарап одан моральдық шығын ретінде 10 млн теңге және сот шығындары үшін 1 млн теңге өндіруді талап етіп отыр.
Прокуратура мәлімдегендей, ол бұған дейін 2021 жылы тонау (қолдан жол апатын ұйымдастырып, 1,5 млн теңге бопсалау) ісі бойынша сотталып, 3 жылға бас бостандығы шектелген болатын. Жаңа қылмыс бұрынғы жаза мерзімі аяқталмай тұрып жасалған.
Әділетхан Молдахан — әлеуметтік желіде 1 миллионнан астам оқырманы бар, заңгерлік кеңестерімен танымал болған блогер.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
В Атырау +35.5