
Атыраудағы маса мәселесі қала тұрғындары арасында ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі болып отыр. Дезинсекция жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан, қала тұрғындары айтарлықтай нәтиже әлі күнге дейін сезілмей жатқанын айтады.
Тұрғындардың айтуынша, залалсыздандыру жүргізілгенімен, кеш бата далаға шығу әлі де мүмкін емес. Аулаларда, саябақтарда және жағалауда маса өте көп.
«Улау жұмыстары жүріп жатыр дейді, бірақ біз ешқандай нәтиже көріп тұрған жоқпыз. Кешке балаларды қыдырту мүмкін емес. Аулада бес минут тыныш отыра алмайсың. Жұмыс істеліп жатқан сияқты, бірақ нәтиже жоқ», — дейді Атырау тұрғындары.
Әлеуметтік желіде де дезинсекция сапасына қатысты шағым көп. Кейбір қала тұрғындары улау жұмыстары масалар ең белсенді болатын уақытта жүргізілмейді деп есептейді және жұмыстарды дәл кешкі және түнгі уақытта күшейтуді ұсынады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Атырау облысының әкімдігінде масаның қаптауына қатысты мәселе талқыланған болатын. Сол кезде жауапты органдардың атына тұрғындардан мыңдаған өтініш түскені және мердігер ұйымдардың жұмысына бақылау күшейтілетіні хабарланған еді.
Алайда, қала тұрғындарының пікірінше, қабылданып жатқан шаралар әлі де жеткіліксіз. Тұрғындар жауапты органдарды дезинсекция жүргізу тәсілдерін қайта қарауға және жыл сайын мыңдаған атыраулықтарға қолайсыздық тудыратын мәселені түпкілікті шешу үшін жұмыс тиімділігін арттыруға шақырады.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау +24.4